389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әбіш Кекілбайұлының туған жері Оңды ауылында мешіт ашылды

  • 114
  • UPD: 23:02, 10.10.2019

Қазақ әдебиетінің абызы Әбіш Кекілбайұлының туған жері Оңды ауылында мешіт ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жоба құрылысына облыс жұртшылығы бір кісідей атсалысқан. Араларында бір өзі 5 млн теңге бөліп, бүтіндей күмбезін тұрғызып берген жомарт жандар бар.

Мешіттің ашылу салтанатына жазушының жұбайы Клара Жұмабайқызы, қоғам қайраткерлері мен Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев қатысты.

Халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлы 1939 жылы Маңғыстау ауданының Оңды ауылында дүниеге келді. Тәуелсіздік жылдары бұл елді мекеннің халқы өсті, инфрақұрылымы жаңарды. Заңғар жазушының кіндік қаны тамған ауылға келуші ағайын алдымен «Ай ана» мүсініне аялдайтын дәстүр бар. Зәулім ескерткішті Әбіштей дананы туған Айсәуле Жұмабайқызына арнап өлке азаматтары тұрғызған. Мемориалды нысан өз кезегінде жақыны Ұлы Отан соғысынан оралмаған қазақ әйелінің бейнесін білдіреді. Бүгін де ел азаматтары ана рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.

Абыз туған ауыл тұрғындары таңсәріден тайлы-таяғы қалмай «Ай ана» ескерткішіне жиналған. Вице-премьер бастаған өлке меймандары алдында оқушылар заңғар жазушыға арнау өлеңдерді оқыды. Әбіш Кекілбайұлымен бір сыныпта оқыған құрдастары көпшілік алдында сөз сөйлеп, естелігімен бөлісті.

Алдаберген Құрмашов, Әбіш Кекілбайұлының сыныптасы:

- Әбіш жас кезінен кітапты көп оқыды. Көлденең жүрыс-тұрыстарға бала болып ойнап, күлу-ойнаудан гөрі мектепті, ауыл кітапханаларындағы барлық кітаптарды оқып, әсіресе, орыс классиктерінің ағылшын, француз, үнді жазушыларының кітаптарын көп оқып, талқылап отыратын. Әбіш келе жатқанда әдепсіздік, тентектік жасап жүретін қатар балалардың өзі жасқанып, көрінбей ығысып тұратын-ды.

Зиялы қауым былтыр Әбіш Кекілбайұлының есімі берілген Оңды орта мектебіне де барды. Оқушылармен тілдесіп, абыз туып-өскен елді мекен есімін әлемге танытуға шақырды. Қоғам қайраткерінің 80 жылдығы аясында білім ордасында күрделі жөндеу жүріп, келбеті жаңғырған. Ауыл тұрғындарымен кездесудің соңы жаңа мешіттің ашылу рәсіміне ұласты. Биіктігі 18 метрлік діни нысан кәсіпкерлер қаржысына салынып отыр.

Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Әбекеңнің 80 жылдығы қарсаңында Алланың құтты мекені деп айтады ғой, мешіт ашып жатқандарыңызға рахмет. Мешіт адамды имандылыққа шақырады. Тәрбиелікке шақырады. Бірлікке, ынтымаққа үндейді. Ата-бабамыздан келе жатқан құндылықтарымызды сақтау үлкен дүние. Соған мешіт өз пайдасын тигізеді деп ойлаймыз. Әбекеңнің жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Ол кісінің әруағы әрқашан бізді қолдап жүрсін.

Жәнібек Қожық, «Оңды ауылының мешіті» қоғамдық қорының төрағасы:

Былтыр Ораза кезінде ауыл ақсақалдары бар, ел азаматтары бар. Біздің ауылда барлық мәселе бар, енді мешіт салу керек деп бір пәтуаға келгенбіз. Қыс бойы құжаттарын дайындағанбыз. Құрылысты таза 100 күнде бітіріп отырмыз.

Рухани орданың жалпы аумағы 250 шаршы метр. Мұнда бір мезгілде 100 адам намазға жығылады.

Айта кетейік, бұл осымен Маңғыстау облысында бой көтерген 35-ші мешіт.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы