389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шымкенттегі көп қабатты үй тұрғындары лифт кесірінен сыртқа сирек шығады

  • 109
  • UPD: 15:09, 11.10.2019

Шымкентте көп қабатты үйдің жоғарғы қабатында тұратын адамдар үшін үйден шығу мұң. Олардың дені қарт адамдар мен  мүгедек жандар.

Лифттің істен шыққанына бір жыл болыпты. Үйдің қалған  тұрғындары жаяу көтеріледі. Ал денсаулығы нашар адамдар төрт қабырғаға қамалып отыруға мәжбүр. Он екі айға созылған жөндеу жұмыстарының барысы қалай? Тілші  тарқатады.

Галина  Михайловнаның далаға шығып, таза ауа жұтпағанына бір жылға жуықтапты. Осыншама уақыт оның үйінде лифт жұмыс істемейді. Далаға шығамын деген соңғы әрекетінен   өміріне қауіп төнген.

Галина Рытикова, қала тұрғыны:

- Табалдырықтан түскенім сол еді балдағым тайып кетті. Шалқамнан құладым. Енді қазір денемнің барлық жері ауырады. Дұрыс тыныстай алмай қалдым. 

Көршісі, 80 жастағы  Фатима  Мелдеханова одан да жоғары қабатты тұрады. Зейнеткер өзінің пәтеріне еңбектеп шығады екен. Онсыз да денсаулығы жоқ адамның  ағзасына салмақ түсіп, қан қысымы жоғарылап кетеді.

Фатима Мелдеханова, қала тұрғыны:

- Есігі ашылмайды, жабылмайды. Өте қиналып шығамын. лифт істемегеннен кейін үйден шықпай отырамын. Сондықтан біз карточкасын аламыз, бірақ лифт келмейді. Слесарьлері істей алмай кетіп қалады. 30 жылдан асып кеткен лифт, сондықтан бізге жаңа лифт керек, дірілдеп шыға алмаймыз. 

Осылайша Шымкенттің дәл ортасында  тұратын көптеген тұрғындар өз үйлерінде қамалып отыр. Раиса Кимнің аяғы ауыр. Жүктіліктің соңғы айында жүрген ол болашақ сәбиі үшін алаңдайды. 

Раиса Ким,  қала тұрғыны:

- Мерзімімнен бұрын босанып қаламын ба деп қорқамын. Қызымның оқулықтары көп. Сөмкесі ауыр. Қарапайым азық-түлік сатып алудың өзі  бізге қиынға соғып тұр. 

Лифт шаруашылығына жауапты компания өкілдері ара тұра бой көрсетіп қалады екен. Тұрғындар көтергіш сатыны қалпына келтіруге бірнеше мәрте қаржы да жинап берген.  Бірақ одан өзгерген  нәтиже жоқ. 

Назия Шолпанова, қала тұрғыны:

- Бізге қосалқы бөлшектің жоқтығын айтып ақталумен келеді. Олардың табалдырығын тоздырып біттік. Өзіміз де шаршадық, Жалықтырып жіберді бізді. Қала әкіміне хат та жаздық. 

Тоғыз қабатты үйдің тұрғындары көтергіш сатысыз қалай күнелтіп жатқанын аудан әкімі арнайы келіп көріпті. Жағдайды үй басқармасы және тұрғын үй инспекциясына тапсырыпты. Өз кезегінде мамандар лифттің жөндеуге келмейтінін анықтаған. Ал, заң бойынша оны тұрғындар өз қаражатына ауыстыруы керек екен. Көтергіш сатының құны 11 миллион теңге тұрады. 

Мәлік Әбдінұров, қалалық үй басқармасы және тұрғын үй инспекциясының жетекшісі: 

- Қазір мынау заңға өзгерістер енгізіліп жатыр. Өзгерістер енгізілгеннен кейін бюджет арқылы жұмыс атқаруға болады. Бірақ қайтармды түрде. Тұрғындар протокол түзетін болса, келесі жылы бюджет арқылы жұмыс атқаруға мүмкіндік болады.

Тұрғын үй қатынасы заңнамасына енгізілетін түзетулер мен  өзгерістер лифт шаруашылығын ретке келтіруге көмектеседі деген сенім бар. Бүгінгі күні Шымкент қаласында 266 лифт бар екен. Олардың 12-сі шұғыл түрде ауыстыруды қажет  етеді. Өз күштерімен ауыстыруға халықтың  шамасы жетпейді. Мемлекеттің көмегінсіз  іс оңға  баспайтын сыңайлы. 

Авторлары: Катерина Попкова, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы