389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Депутаттардың кейбірі неге халықпен жүздесуден қашады?

  • 148
  • UPD: 20:01, 11.10.2019

Шенеуніктер азаматтармен кездесуден қашады. Бәрі емес әрине.

Бірақ халықтың базынасына құлақ аспай, бейқам жүргендері бар. Бүгін Nur Otan партиялық бақылау комитетінің мүшелері осы мәселені ортаға салды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кей мәслихат депутаттары халыққа жақындағысы жоқ. Кейбірі тіпті жұртпен кездесуден жалтарады. Мұндай мәлімдемені бүгін Мәжіліс депутаттары жасады. Нақты мысалдарды да айтты. Кейбір шенділер тұрғындармен тілдесуге өздері бармайды. Орынбасарларын жұмсап қоя береді. Өзгелері азаматарды қабылдаудан қашады. Мұндай мәслихат депутаттарының дені Маңғыстау, Қарағанды, Ақтөбе облыстарында кездесіп отыр.

Снежанна Имашева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Nur Otan партиясының Ақтөбе облысы Алға аудандық филиалының дерегінше, облыстық мәслихаттың депутаты Латыпов қағаз жүзінде үш адамды қабылдағанын көрсеткен. Бірақ әлгі азаматтарға хабарласқан кезде олар ешқандай депутатпен кездеспегенін айтып берді.

Nur Otan партиясының съезінде Елбасы партияластарын халыққа барынша жақын болып, жұртпен жұмыс істеу жүйесін жаңарту керектігін айтқан еді. Кабинеттердегі жиындарды қысқартып, азаматтармен ашық сөйлесу керектігін тапсырған-ды. Бүгінде еліміздің әр өңірінде мәслихаттардың 3 мыңдай депутаты бар. Басым көпшілігі халықпен тілдесіп, мұң мұқтаждықтарына құлақ асуға ыждахаттылық білдірмейді.

Снежанна Имашева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Сайлауалды бағдарламасынан соң мүлдем көрінбей кеткен депутаттар бар. Халық тіпті кімге не үшін дауыс бергендерін де ұмытып қалған. Проблемаларын шешу үшін жұрт уақытын ақшасын сарп етіп, аудан орталықтары мен қалаларға сабылуға мәжбүр. Депутатық корпус жылына 2-3 ауылды айналып өтулеріне болады ғой. Осы мәселені бір жөнге келтіру керек.

Партиялық бақылау комитетінің жұмыс тобы сараптама жүргізген. Нәтижесінде жергілікті атқарушы органдар азаматтардан түсетін шағымдарды қарау тәртібін жиі бұзатындығын анықтапты. Атап айтсақ, уақытында жауап бермейді. Заңды бұзады.

Мәжілісмендер өздерінің партияластарын яғни мәслихатта отырған нұротандық депуттарды халықпен барынша ашық диалог орнатуға шақырды. Әйтепес алдағы уақытта жұрттың шағымына құлақ асып, сөйлесе білмейтін мәслихат өкілдері жауапкершілікке тартылмақ.

Павел Казанцев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Партиялық шара ретінде өз міндеттерін орындай алмай жүрген өңірлердегі депутаттарға ескерту жасалып, сөгіс жарияланады. Бұл негізгі жаза. Аталған проблема баяғыдан айтылып келеді. ЕНді мұны реттеудің жаңа әдістерін ойластырып, жазаны қатаңдату қажет.

Халыққа арқасын беріп кете бермес үшін алдағы уақытта мәслихат депутаттарына түсіндіру жұмыстары жүргізілмек.

Мирас Шекенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Әрбір қабылдауды әлеуметік желілерде жариялау керек. Сол кезде халық нағыз өткір мәселелерімен жүгінетін болады.

Жиын қорытындысы бойынша депутаттар қара тізімге ілінген аймақтардағы партия филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарларын жауапкершілікке тарту бойынша ұсыныс білдірді. Мұның нәтижесі қаншалықты болмақ? Уақыт көрсетеді.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Кристина Райсвих, Ербол Дайыров

Хабар 24 телеарнасы