389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанайлық кәсіпкерлер жалға берілетін жер телімін ала алмай жүр

  • 103
  • UPD: 21:46, 11.10.2019

Қостанайлық кәсіпкерлер жалға берілетін жер телімін жылдап күтуге мәжбүр.

Соңғы кезде осы тектес арыз-шағымдар көбейіп кеткен. Дені – шағын бизнес өкілдері не жеке кәсібін енді бастап жатқандар.

Артем Лисагор 2014 жылы қаладағы саябақтан 3 жер телімін жалға алып, аттракциондар орнатқан. Былтыр көктемде ол жылдағы әдетімен келісімшартты ұзартуға өтініш береді. Бас кезінде жер бөліміндегілер «бәрі дұрыс болады» деп шығарып салғанымен, кейін ол ойларынан бас тартады. Өтініш беретін уақытын кешіктірді деген уәж айтатын көрінеді.

Артем Лисагор, кәсіпкер:

– Жалға берілген мерзімі аяқталмай тұрып, оны ұзартуға ертерек өтініш бергенмін. Өздері созбаққа салып, жүріп алды. Соның кесірнен бағасы қымбат аттракциондар, бір жыл бойы шаң басып, гаражда жатты. Арыз-шағым айтып, біраз жерге бардым, еш нәтиже болған жоқ.

Бұл іске кәсіпкерлер палатасының мамандары араласып, Артем Лисагорға жер телімін бермеу шешімі заңға қайшы екендігін дәлелдеген. Әкімдіктегілер де артық кеткендерін түсінген сияқты. Бірақ олардың кейбір дәлел-дәйектерін тіпті заңгерлердің өзіне түсіну қиын. Мысалы, жітіқаралық екі кәсіпкердің жер телімі аукционына қатысу өтініштерін қабылдамай қойған. Не себеп дейсіз ғой, тапсырған құжаттарының екінші жақ беті нөмірленбеген көрінеді. Соның салдарынан шаруалар алажаздай мал жаятын ұлтарақтай жерге зар болып қалды. 

Ринат Дәулетбаев, облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

– Соңғы 9 айдың ішінде мемлекеттік органдардың іс-әрекеттеріне 150 шағым келіп түсті. Соның 18 проценті жер қатынастарына қатысты. Біріне еш негізсіз бермей қойса, бірін аукционнан шеттеткен. Қазір мемлекеттік бағдарламалар көмегімен жеке ісін ашуға ниетті адамдар көп, бірақ осындай кедергілер қолбайлау болып жатады.  

Осы жыл ішінде «Жер туралы» заңдылықты бұзған екі мемлекеттік қызметкер жауапкершілікке тартылды. Оның бірі жұмыстан қуылса, екіншісіне ескерту жасалған.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы