389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елбасы қазіргі уақытта немен айналысатынын айтты

  • 230
  • UPD: 23:37, 11.10.2019
Елбасы қазіргі уақытта немен айналысатынын айтты sputnik Казахстан

ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзі салған суреттерін көрмеге қояды.

Бұл туралы «Хабар» телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді.

«Майлы бояумен ақырындап сурет саламын, көбінесе пейзаж саламын. Аяқталғаннан кейін музейге қоямын. 30 сурет керек деп айтады, менде қазір 30 сурет бар. Табиғатты саламын. Жауһар туынды емес шығар, бірақ достарым мен таныстарым көрмеге қоюымды өтініп жүр. «Алдымен салып бітейін, одан кейін қоямын» деймін. Мұнымен баяғыдан айналысқым келген еді. Бірақ оған уақыт болмады»,- деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ домбырадан бөлек гитарада ойнағысы келетінін айтты.

«Қазір осы уақытқа дейін қолым тимеген түрлі кітаптарды көп оқимын. Саяси және көркем әдеби туындылар да бар», - деді өз сөзінде.

ҚР Тұңғыш Президенті бос уақытында балаларына, немерелеріне көбірек көңіл бөлуге тырысатындығын да айтты.

«Президенттікіндей күнделікті қауырт тіршілігім жоқ. Жеңілдеп қалдым. Барлық істі, жұмысты бақылап отырамын. Ақылдасса, ақылымды айтамын. Ақылдаспаса, ақылымды айтпаймын. Бірақ бірдеңе дұрыс болмай жатса, әрине бей-жай отыра алмаймын»,- деді Елбасы.

Қазіргі уақытта Нұрсұлтан Назарбаев қабылдауын өтінген адамдарды қабылдайтынын, бірақ өзі ешкімді шақырмайтынын айтты.

«Менің конституциялық, заңды міндетім - партиямен айналысу. Мен партияның, Қазақстан халқы Ассамблеясының, Қауіпсіздік кеңесінің басшысымын. Түрлі халықаралық форумдарға шақырулардан да бас тарта алмаймын. Еуразиялық экономикалық одақтың қазіргі уақытта Құрметті төрағасымын. Енді Түркітілдес мемлекеттер басшылары кеңесінің Құрметті төрағасы деп те сайлады. Дүйсенбі күні Бакуде өтетін Түркітілдес мемлекеттер басшыларының кеңесіне барамын», - деді Н.Назарбаев

Хабар 24 телеарнасы