389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылордада цифрлық технологиямен басқарылатын күріш ақтау зауыты іске қосылды

  • 151
  • UPD: 09:22, 12.10.2019

Жаңа кәсіпорында сағатына 7 тонна күріш өндейтін Оңтүстік Корея қондырғылары орнатылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Автоматтандырылған жүйе арқылы басқарылатын өндіріс желісінің Қазақстанда теңдесі жоқ. Қалдықсыз өнім қағидасы бойынша жұмыс істейтін жобаға құйылған жеке инвестиция көлемі жарты миллиард теңгені құрайды.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші компанияның техникалық паркі 90%-і жаңартылған. Күріш және жоңышқа тұқымдары германиялық жоғары технологиялық тұқым тазарту зауытында қайта өңделеді. Енді міне цифрлық өндірістік жүйе арқасында күріштің қауызы мен күрмегіне дейін кәдеге жаратылады.

Мақсат Божанов, зауыттың бас инженері:

- Қауыз деп есептейтініміз, ол күріштің 20%-і. Бұл қауызға біз майдалап, әрі қарай мал жеміне құрама жемге араластырып сатамыз. Майдаланған күріш қауызын мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтармен келісімшартқа отырғанбыз. Айына майдаланған күріш қауызының 300-400 тоннасы шығарылады.

2005 жылы құрылған серіктестік 4 жыл бойы тек күріш өсірумен айналысып, кейін элита тұқымын терең өңдеуді бастады. 600 гектарлық егіс көлемін 10 есеге ұлғайтқан шаруалар қазір Янтарь, Лидер, Айгерім және «Сыр сұлуы» сұрпын айналымға енгізді.

Несіпбала Секімова, лаборант:

- Бірінші сортты Қазақстанның 10-20 стандарты бойынша тексеретін болсақ, ал ГОСТ-пен 62-92-93 халықаралық стандарты бойынша шығарамыз. Күріштің ең жоғарғы сапасына мән береміз. Бұрын зауытта күріш сапасы бұзылған жағдайда барлық технологияны тоқтатып, жөндейтін тұғынбыз. Қазіргі зауыт ерекшелігі, тек технологқа ескертеміз, ол автоматты түрде басқарып отырады.

30 адам жаңа жұмыспен қамтылған зауыт келер аптада толық өндірістік қуаттылығына көшеді. Жалпы ағымдағы жылы аймақ диқандары 87 мың гектар алқапқа дақыл сеуіп, күріш өндірісін 22%-ке арттырып отыр.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 телеарнасы