389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағандылық дәрігерлер жаңа туған нәрестеге күрделі операция жасады

  • 110
  • UPD: 14:49, 12.10.2019

Балада ішек патологиясы анықталған. Дегенмен, қазір сәбидің денсаулығына ешқандай қауіп жоқ.

Ол анасымен үйіне оралды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дәрігерлер Әлия Оңдасыноваға жүктіліктің 24-аптасында ұрықта патология барын айтқан. Іштегі баланың дерті анықталғаннан кейін облыстық перинаталдық орталықта бірден консилиум өткізілді. 37 апталық болып дүние есігін ашқан нәрестеге кейін операция жасалған. Екі апта бойы сәбиді орталықтың неонатолог мамандары күтіп, емдеді. 12 тәуліктен кейін шақалақ энтеральды қабылдау арқылы ана сүтімен тамақтануды бастады. «Ал 20 тәуліктен бастап өз бетінше дем ала бастады», - дейді дәрігерлер.

Жанат Елубаев, хирург:

- Асқазаннан аш ішек аностомозын жасадық,айналмалы түрде. Балаға барлығы ойдағыдай жасалып, қазіргі таңда бала үйіне шығарылып жатыр. Әрі қарай баланың жағдайы, тамақты сіңіру бәрі жақсы болады деп ойлаймын. Қазіргі таңда тамақты ішіп, салмақ қосып жатыр.

Балаға «ащы ішектің атрезиясы дамуының туа біткен ақауы» деген диагнозы қойылды. Мұндай патология өте сирек кездеседі, 6-7 мың нәрестенің ішінде бір ғана жағдай болуы мүмкін. Операция бір жарым сағаттан астам уақытқа созылды.

Әлия Оңдасынова, анасы:

Дәрігерлер қолдан келген мүмкіндікті аямай, баламды аман алып қалды. Мен қатты уайымдадым, қорқыныш болды, туылғанына үш-ақ болғандықтан. Операция жасалғаннан кейін жансақтау бөліміне күнде баламның жанына барып, ол мені естімей жатса да, сөйлесіп, оның мықты болуын айтатынмын. Ал ақ халатты абзал жандар баламды осы күнге жақсы күтіп, сапалы медициналық қызмет көрсете алды.

Ата-анасы балаға Жаңаберген деген есім берді. Ол 1 айға толғанда, анасы екеуін дәрігерлер үйіне шығарды. Әлияның айтуынша, қазір ұлының жағдайы қалыпты.

Айта кету керек, екі жыл ішінде қарағандылық дәрігерлер осындай төрт операция жасаған.

Авторлары: Айнұр Абдиева, Сайлау Игіліков

Хабар 24 телеарнасы