388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақ-өзбек шекарасындағы өткізу бекетін жаңарту жұмыстары басталды

  • 189
  • UPD: 19:56, 12.10.2019

Қазақ-өзбек шекарасында қызу құрылыс жүріп жатыр. Бауыржан Қонысбаев атындағы өткізу бекетін қайта жаңғырту басталды. Оған қазынадан 15 млрд теңге қаржы бөлініп отыр. Құрылыс жұмыстарынан кейін мұнда не өзгереді және ол қашан аяқталады? 

Бауыржан Қонысбаев атындағы тексеріс пункті еліміздің оңтүстік өңіріндегі ең үлкен өткізу бекеті саналады. Қазір мұнда бәрі бір қалыпты. Бірақ кейде жүздеген метр кептеліс пайда болады. Бұл бірінші жыл емес.

Баян Тұлғабаева, облыстық кірістер департаментінің баспасөз хатшысы:

- Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы өсті. Сол себептен автокөліктердің де саны ұлғаюда. Бүгін таңертең осы Қонысбаев бекетінде 175 көлік тұрды. Бұл штаттық кесте сәйкес, қалыпты. 

Кептелістің тағы бір себебі жүк көліктерін тексеру. Әрбір көлікті толық бақылаудан өткізу үшін  шамамен 50 минут уақыт кетеді. Дегенмен, соңғы кездері ұзын сонар кептеліс болған жоқ.

Мақсұт Бейсенбаев, жүргізуші:

- Кеше кешқұрым келгенбіз. Бүгін 8-кезектеміз. Бұйырса Самарқандқа бүгін барамыз. Кептеліс жоқ күніне 250-300 көлік өтіп жатыр. Жаңадан өткізу бекеті салынған соң кішкене жол тарылған. Жақсы өтіп жатырмыз.

Мұндағы құрылыс жұмыстары 3 ай бұрын басталды. Мамандар келер жылы Қонысбаев бекетінде ешқандай кезек болмайтынын айтады. Себебі мұнда тәулігіне 200-ден мың көлікке дейін өткізуге мүмкіндік туады.

Сәлімжан Оралханов, құрылыс басшысы:

- Жол кеңейгеннен бөлек тағы да 2 ИДК қосылады. Барлығы 3 ИДК болады. Тағы да жарықтандыру болады. Барлық нысан жаңартылады. Біту 2020 жылдың май айында. Мемлекеттен бөлінген қаржы 15-16 млрд жобасында.

Ал «Жібек жолы» бекетінде жолаушылар терминалын жөндеу жұмыстары басталды. Мамандардың айтуынша, жаңғыртудан кейін өткізу бекетінің жұмысы жеңілдеп, мемлекеттік бақылауға кететін уақытты қысқарады. Бұдан бөлек, мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері автокөлік жүргізушілеріне бақылау пунктін таңдамас бұрын өз бөлімдерінің веб-сайттарын қарап шығуға кеңес береді. Аталған сайтта күніне екі рет өткізу бекеттеріндегі көлік саны туарыл ақпарат жарияланып отырады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Рауль Габитов, Самат Нағашыбекұлы

Хабар 24 телеарнасы