389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ертіс өзенінде балық қоры азайып барады

  • 103
  • UPD: 07:57, 13.10.2019

Ертіс өзенінде балық қоры азайып барады.

Оның орнын толтыратын шаруашылықтар жоқтың қасы. Су маржандарының жойылуына бірнеше себеп бар. Мамандардың айтуынша, өзен сулары өз деңгейінде көтерілмейді. Оның үстіне тек қана балықпен қоректенетін су құзғындарының саны артқан. Бірақ өзен-көлдерді қолдан өсірілген шабақтармен толтыру арқылы жағдайды түзетуге болады. Павлодар облысында әзірге бұл іспен тек ынталы топ айналысу үстінде.

Ребровка – су қоймаларына қолдан балық жіберіп отырған өңірдегі жалғыз тоған шаруашылығы. Мұнда жылтыр және кәдімді тұқы балығы өсіріледі. Тауарлы балықтың қолдан өсірілетін түрінен тұқым алу үшін үш жыл керек екен.

Маргарита Дмитриева, балық өсіруші:

– Балықтың қыстан аман шығуы үшін орташа салмағы 25 грамм болуы керек. Өзен суы мұз болып қатқан қыс мезгілінде балықтарға ауа жетпей қырылып қалады. Судың тазалығы да аса маңызды рөл атқарады. Жалпы балық шаруашылығы – көп еңбекті қажет ететін сала.

Балық тәлімбақтары – материалдық шығыны көп сала. Мәселен, тоғандағы судың көлемін қалыпты деңгейде ұстап тұруды қамтамасыз ету керек. Су жәндіктеріне сапалы азық керек. Бұрын осының бәріне мемлекеттен көмек көрсетілетін. Бүгінгі таңда балық шаруашылықтары құрдымға кетіп барады. Себебі қолдау жоқ.

Александр Веретенников, тоған шаруашылығының басшысы:

– Біздің өңірімізде балық шаруашылығына мән берілмей отыр. Облыстық жер қойнауын пайдалану басқармасы биылғы жылы балық жіберуге 2 миллион теңге ғана қаржы бөлді. Бұл – шамамен 160 мың балықтың құны. Тендерді жеңіп алу үшін өте төмен сомамен қатыстық. Бөлінген қаржы, балықтардың табиғи ортада өсуін қамтамасыз етуге жеткіліксіз.

Солтүстік Қазақстан облысы су қоймаларына балық жіберуге 42 миллион теңге бөліпті. Бұған қарап Ертіс өңірі балық шаруашылығын мүлде ұмыт қалдырған ба деген ойға қаласыз. Ертіс өзеніндегі балық қорын ұлғайтуды балық өсіретін тәлімбақ қызметкерлері өз күштерімен жүргізіп келеді. Бүгін су қоймасына 40 мың шабақ жіберілді. Табиғи ортаға олардың тек 30 проценті бейімделеді екен.

Жарқын Қабдулов, «Балық шаруашылығы» ҒТО тірек пунктінің меңгерушісі :

– Тірі қалмағандары құстардың жеміне айналады. Мұның да жақсы жағы бар. Өйткені табиғи ортада көбейген балықтар аман қалады.

Өзенге балық жіберу акциясына танымал неміс генетигі Вольфганг Нейлин арнайы қатысты.

Вольфганг Нейлин, Германияның Кассель қаласындағы университеттің  профессоры:

– Су қоймаларына балық жіберу тәжірибесі Германияда кеңінен қолданылады. Бірақ біздің елімізде балық өсіретін арнайы орындар жоқ. Мына тәлімбақтың жұмысын көріп, үлкен әсер алдым. Бұл өте қайырымды іс. Өзенге осыншама көп балықтың жіберілуін алғаш көруім.

Бұл теңізге тамған тамшы ғана. Бір реттік шаралармен балық қорын толтыру мүмкін емес, дейді ғалымдар. Олардың айтуынша, Ертіс өзеніне жыл сайын кем дегенде бір миллион дана балық жіберілуі тиіс. Сонда ғана жағдай оңалады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы