387,14 428,20 6.07
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да АӘК көмек алатын отбасы өз кәсібін ашып, ауылдастарын жұмыспен қамтып отыр

  • 211
  • UPD: 13:47, 13.10.2019

Батыс Қазақстан облысының Қазталов ауданында атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы өз кәсібін ашып, ауылдастарын жұмыспен қамтып отыр.

Бөлінген көмек қаржыны тиімді пайдаланған тағы 8 отбасы наубайхана мен шеберхана кәсібін қолға алған. Айта кетерлігі, өңірде «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында мың жарым адамға шағын несие беру жоспарланып, бұл мақсатқа 6 миллиард теңгеден аса қаржы бағытталыпты.

Күнсұлу Тайғаренова қазір зейнет жасында. Бірақ қол қусырып отыруды жөн көрмеген ол өз ауылында кәсіп ашу туралы шешімге келіпті. Сөйтіп ескі үйді сатып алып, жөндеп, осындай сұлулық салонына айналдырды. 

Күнсұлу Тайғаренова, Қазталов ауылының тұрғыны:

– Әлеуметтік көмек алып, келінім балаларын солай бағып отыр еді. Енді оған жұмыс болсын деп балаларын өсірсін әрі қарай дамытуға көмегім болсын деген оймен сән салонын ашып отырмын.

Отбасылық бизнесті өрістетуге толық жағдай бар. Заманға сай жасақталған сән үйінде қызмет көрсетуші мамандар да тез табылды.

Әсемгүл Ишан, шаштараз:

- Осында жұмысқа кіргеніме де көп болған жоқ. Жақында ашылды. Өте қуаныштымын, күнделікті қалтамда ақшам бар, клиенттер бар, күніне 4-5 кісі келеді. Ең бастысы өз ауылымнан жұмыс тапқаныма қуаныштымын.

Жұпар Қыдырғалиева, Қараоба ауылының тұрғыны:

- Әйел адамдар сұлулыққа бет бұрғанды жақсы көреміз. Сол себепті осы жаңа салонға шаш қидырып, тырнақ жасатып, кірпігімді істетіп жатырмын. Қызметкерлердің сапасы өте жоғары деп ойлаймын, себебі жас мамандардан біздің үйренеріміз көп деп ойлаймын.

Бағдарламаның екінші бағыты аясында биыл өңірде мың жарым аса адамға ниесе беру жоспарланып, 734-і шағын несиеге қол жеткізді. Соның 188-і – көп балалы және аз қамтылған отбасылар.

Анар Амантаева, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы:

- Аталған бағыт шеңберінде қайтарымсыз негіздегі 100 АЕК және АЕК-ке дейінгі қайтарымсыз негіздегі гранттар беру қарастырылған. Көп балалы және аз қамтылған отбасыларға, еңбекке жарамды мүмкіндігі шектеулі азаматрарға 200 АЕК-ке дейінгі, яғни 505 мың теңгеден гранттар беріліп жатыр. 

Бір ғана Қазталов ауданы бойынша күні бүгін мыңнан аса отбасына жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Жұмыссыз ретінде тіркелген 253 адамның басым бөлігі екі қолға бір күрек тапты. Олардың жаңа мамандықтарды игеруіне де күш саламыз, дейді сала мамандары.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов

Хабар 24 телеарнасы