386,44 428,48 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Семейдегі еңбек жәрмеңкесінде 800-ге жуық жұмыс орны ұсынылды

  • 199
  • UPD: 19:30, 13.10.2019

Семейде жұмыссыздар санын қысқарту мақсатында кезекті еңбек жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Онда 800-ге жуық жұмыс орны ұсынылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ардақ Айбарұлы, тілші:

- 19 жастағы Ғасыр Серік бос жұмыс орындарының жәрмеңкесіне колледжегі достарымен бірге келіпті. Соңғы курста оқитын ол өзіне лайықты жұмыс табылады деп ойламаған еді. Өйткені тәжірибесі жоқ. Бірақ оны бүгінгі жәрмеңке барысында бір емес бірнеше кәсіпорын жұмысқа шақырды.

Ғасыр Серік, студент

- Менің мамандығым бойынша көптеген жұмыстар бар екен. Ал былай сырттан іздегенде табылмайтын. Осындай жерге жинап, бір жерге шоғырландырғаны өте тиімді екен. Адамдардың бәрі жұмыс тауып жатыр. Мен өз басым осы жерге келгелі 4 жұмыс тауып алдым. Соған өте ризамын.

Бүгінгі шараға сотталғандар да қатысты. Семейдің пробация қызметінде қазір 600-дей азамат тіркеуде тұрса, соның 10%-ке жуығы жұмыссыз.

Мұрагер Серікбаев, Әуезов аудандық пробация қызметінің инспекторы:

- Сотталғандардың 50%-ін жұмыспен қамтып, құс фабрикасындағы оператор мамандықтары бойынша, сонымен қатар от жағушы болып, көптеген мамандықтар бойынша орналастырып жатырмыз.

Ал егде жастағы адамдар мен тәжірибесі жоқ азаматтарға әлеуметтік және қоғамдық жұмыстар ұсынылды. Мұнда жастар практикасы мен еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтарға қайта оқыту ісі де жан-жақты насихатталды.

Тұрсынбек Шинжин, қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры:

- Әртүрлі мекемелер қатысып отыр. Жеке кәсіпкерлер де бар ішінде. Мен ойлаймын, бүгінгі таңда бұл жәрмеңкенің пайдасы өте көп. Өйткені халық күнделікті қарағандай емес, нақты әрбір жұмыс берушімен кездеседі ғой. Ол кісілердің нақты өздерінің талаптарымен танысады. Сондықтан мен ойлаймын, бұл өте керекті дүние.

Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесіне Семейдегі 30-ға жуық кәсіпорын қатысты. Ал жұмыс іздеп келушілердің саны 400-ге жуық. Бүгінгі шара арқылы соның тең жартысына жуығы жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болды.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Әсем Өтешева, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы