386,44 428,48 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бердібек Сапарбаев: Мұқтаждық пен масылдықты ажырата білу керек

  • 253
  • UPD: 21:12, 13.10.2019

Бердібек Сапарбаев Орал қаласына барды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Вице-премьер бастаған жұмыс тобы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдауын және әлеуметтік бағдарламалар мен саладағы жаңа заңнамалар жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Бердібек Сапарбаев Батыс Қазақстан облысындағы жұмыс сапарын Байтерек ауданының Дарьинск ауылынан бастады. Мұндағы Мәдениет үйінде тұрғындармен кездесті. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов ведомствода атқарылып жатқан жобалар туралы егжей-тегжейлі түсіндіріп, азаматтардың сауалдарына жауап берді.

Біржан Нұрымбетов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

Атаулы әлеуметтік көмек бүгін елімізде жалғыз ғана төлем емес. Мысалы, ана мен балаға қатысты кемінде біздің 10 жәрдемақының түрі бар. Бала дүниеге келген кезде, бір жасқа толғанға дейін, көпбалалы анаға, көпбалалы жанұяға, асыраушысынан айырылған жанұяға берілетін жәрдемақы. Сол 10 жәрдемақының өзіне жылына 470 млрд теңге төлейміз. Біздің зейнеткерлерімізді есептесек, жылына 3 трлн 53 млрд теңге төлейміз.

Ал вице-премьер Бердібек Сапарбаев атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізу үшін кейбір азаматтар астыртын қулыққа баратынын айтты. Осыған байланысты ол мұқтаждықты масылдықпен шатыстырмауға шақырды.

Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Біз мына мұқтаждық пен масылдықты ажырата білуіміз керек. Өкінішке орай осы АӘК-ті төлеген кезде біздің көптеген тұрғындарымыз масылдыққа өтіп кеткен сияқты. Ол болмайды. Егер біздің 12 мүшесі сау азаматтарымыз жұмыс істемесе, сол жаңағы анау әйелінің балалары үшін алып жатқан АӘК-ке қарап отыратын болса, онда ертең біздің болашағымыз қалай болады?!

 

Вице-премьер медициналық мекемелердің жұмысымен танысты

Аудан орталығында арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жұмыс істеп тұр. Орталық 60-қа жуық адамға қызмет көрсетеді. Вице-премьер бастаған жұмыс тобы мұнан кейін Орал қаласындағы балалар ауруханасында болып, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін түсіндірді. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов әріптестеріне дәріс оқыды.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Бүгінде міндетті әлеуметтік медциналық сақтандыру жүйесін жүзеге асыру үшін 2 негізгі міндет бар. Біріншісіазаматтың сақтандырылғанын немесе сақтандырылмағанын анықтайтын бағдарламаны бірыңғайландыру. Бұл тапсырма орындаулы десек болады. Осы үшін «Сақтандыру» ақпараттық жүйесі бар. Екіншісі көрсетілген медициналық қызметтің түрін анықтау және жеке есепке алу. Ақжайық ауданындағы «ҚазМед» жүйесін желтоқсан айына дейін «Сақтандыру» жүйесімен біріктіру тапсырмасы берілді.

 

Өңірлік білім беру жүйесінің ахуалы талқыланды

Жергілікті ұстаздар қауымы да назардан тыс қалған жоқ. Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова №47 орта мектебіне барып, мұғалімдермен кездесті. Облыста балалар үш ауысыммен оқытылатын 6 мектеп пен апатты 8 білім ордасы мәселелері талқыға салынды.

Сондай ақ өңірдегі 20-дан астам мектеп инклюзивті білім беру жүйесімен қамтылған.

Шолпан Каринова, ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары:

Бүгінгі күні қоғамда әр түрлі келеңсіз оқиғалар орын алып отыр. Ол тәрбиешілердің дөрекілігі, балаларға деген олардың қатынастары, бүгінгі күні балабақшалардың барлығында бейнебақылау орнату жұмыстарын біржақты бастап отырған болсақ, ол да әлі толығымен шешімін тапқан жоқ. Осы сұрақтарды реттеу үшін «Атамекен» ҰКП бірге балабақшалардың рейтингін енгізу бойынша жұмысты бастады.

Вице-премьер сондай-ақ жергілікті зиялы қауым өкілдерімен, еңбек ардагерлерімен және жастармен кездесті. Жастар және оқушылар сарайына барып, жергілікті тәрбиеленушілердің ғылым мен спорттағы жетістіктеріне қолдау білдірді.

 

Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдығын кеңінен атау туралы ұсынылды

Ал Жәңгір Хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің қабырғасында өткен басқосуда бала тәрбиесі, ата-ана жауапкершілігі, отбасылық институттың құндылығы, мұғалімдердің мәртебесі тіпті әкелер мәселесі де сөз болды.

Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Шалқыма Қайролла, әкенің рөлін көтеру керек деп жақсы айттыңыз, Сіздің есіңізде болса, осыдан 1-2 жыл бұрын біз Ақтөбеде әкелер форумын өткізіп едік. Мен ойлаймын, соны бізге қайтадан жаңғырту керек. Сондықтан біз мұны ескереміз. Өйтпесек болмайды.

«Бірақ әке мәртебесін өсіру үшін қоғамда ер азаматтардың өзіне, отбасына жауапкершілігін арттыру тапсырмасын елемей кетуге болмайды», - деді вице-премьер.

Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Әсіресе, ер азаматтарға. Ұят қой мынау. Әйелі баласын алып, түнде алаңда отырады. Ол қашан шығып еді бізде, қашан пайда болған нәрсе?! Қай кезде қазақ келіні мен қыздары үлкеннің айтқанын тыңдамаған, ондай деген болмайтын еді ғой бізде. Ал соның бәрі тәрбиенің төмендеп кеткенінен.

Жиын соңында оралдықтар Жайық өңірінің тумасы, қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, ақын Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдығын халықаралық және республикалық деңгейде атап өту және өмірінің едәуір бөлігі өткен Алматы қаласында ескерткіш орнату туралы ұсыныстарын айтты. Бұл орайда облыс әкімі Ғали Есқалиев осы бағытта дайындық жұмыстары қолға алынғаны жөнінде хабардар етті.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ержан Рахманбердиев

Хабар 24 телеарнасы