388,07 428,20 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысында кәсіби емес косметологтар қадағалаудан тыс қалып отыр

  • 110
  • UPD: 08:41, 14.10.2019

Ақмола облысында 22 мамандандырылған кәсіби косметологиялық қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Алайда 700 мыңнан астам халқы бар аймақ үшін бұл саусақпен санарлық. Есесіне қыз-келіншектер арасында екінің бірі әуесқой бет әрлеуші. Заңды құжаты бар сұлулық салондарын құзырлы органдар тексере алатын болса, кәсіби емес косметологтарды ешкім қадағалап жатқан жоқ.

Үйде отырып-ақ, жұрттың бетін бояп, тырнағын түзейтін тырнақшаның ішіндегі мамандардан зардап шеккен жандарды елімізде жиі кездестіруге болады. Солардың бірі көкшетаулық Татьяна Егорова. Көзіне жасалған косметологиялық ем-шарадан кейін ол, біраз уақыт азабын тартқан. 

Татьяна Егорова, қала тұрғыны:

- Мен көзімді жасатқан болатынмын. Екі аптадан кейін екі көзім бірдей ісіп, біраз қиналдым. Енді ондай заңсыз косметологтарға мүлдем бармаспын. Үйлеріне кіргенде бәрі таза боп көрінгенмен, стерильденген ештеңе жоқ. Көбі кәдімгідей үй жағдайында жұмыс істеп отыр. 

Ал стерильденген құрылғылар тек кәсіби орталықтарда ғана болады екен. Өйткені үй жағдайында барлық тиісті талапты сақтау мүмкін бола бермейді. Ал мұның соңы бергісі тері ауруларына, арғысы жұқпалы дерттерге шалдықтыруы ықтимал. 

Анна Ушакова, косметолог:

- Егер бетіңізді әрлеген адам білікті маман болмаса, ол теріңізге зақым келтіруі мүмкін. Тіпті дәрігерлер емдеп жаза алмайтын тері ауруларына да тап болуыңыз ғажап емес. Негізі үй жағдайында косметологиялық процедураларды жасауға болмайды. 

Кәсіби сұлулық орталықтарын құзырлы органдар ай сайын болмаса да, жарты жылда бір тексеріп тұрады. Ал, өздерін косметолог санап жүрген қанша адамның бар екенін және қалай жұмыс істейтінін ешкім де дөп басып айта алмайды.

Айнагүл Мусина, тауарлар және қызмет сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы:

- Әрине оларды бақылау қажет. Бірақ салық орындарында тіркеу құжаты жоқ ондай жекелеген адамдарға біз тексеріс жүргізе алмаймыз. Жергілікті полиция қызметі рейдке шығып, бізді де ертіп алса, сонда ғана тексере аламыз. Ал жалпы жыл басынан бері бұл саланың қызметіне ешқандай шағым түскен жоқ. 

Мамандардың сөзіне сенсек, елімізде дермо-косметологиялық лицензия алу қиынның қиыны. Алдымен арнайы ғимарат пен барлық талаптарға сай келетін құрал-жабдықтар болуы қажет. Одан бөлек арнайы білімі бар қызметкерлер жинайды. Ал мұның бәріне қыруар қаражат кетеді. Сондықтан бұл салаға қызыққан қыз-келіншектердің көбі  соңы не боларын ойланбастан үйден шағын бизнес ашып алғанды тәуір көреді.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы