389,38 430,50 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысындағы Ақсу ауруханасында дәрігер тапшы

  • 131
  • UPD: 22:08, 14.10.2019

Алматы облысының Ақсу ауданындағы ауруханада неонатолог және анестезиологтар жетіспейді.

Бұл қызметті жоғары санаттағы педиаторлар атқарады. Амалдың жоқтығынан, емдеу мекемелерінде қазір зейнет жасындағы дәрігерлер де еңбек етіп жүр.

Гүлбану Нұрмағамбетова зейнетке шықса да, жұмыстан қол үзбей қызмет етіп келеді. Жоғары санаттағы дәрігердің еңбек өтілі 40 жылдан асқан. Ішкі ағза ауруларын емдейтін білікті маман бар тәжірибесін бүгінде жастарға үйретіп жүр.

Гүлбану Нұрмағамбетова, терапевт:

–– Мен жас мамандарға айтар едім, ауылдан бастаған жақсы. Бұл жерде сен түрлі науқастардын көресің. Ал қалада аурулар әрбір мамандарға бөлініп кетеді. Ал сен оның бәріне дәрігерлерді шақырып жатпайсың. Өзің ойланып, шешіп, біреулерден кеңес алып, сол науқасты қарап үйренесің.

Аудандағы ауруханада 80-нен аса адам жұмыс істейді. Дәрігерлердің басым бөлігі – жас мамандар. Солардың қатары биыл Алматы және Семей, Томскідегі медициналық университетінің 8 түлегімен толықты. Жұмысқа жаңадан кіріскендердің бірі - терапевт Жандос Ахметбеков. 

Жандос Ахметбеков, учаскелік терапевт:

– Алғаш келгенде қызметтік баспанамен қамтамасыз етті. 505 мың теңге көлемінде қаржылай үстемақымызды алдық. Енді алда өз үйімізді аламыз деген ойымыз бар. Әрі қарай мақсатым – аурухананың барынша көркеюіне жас маман ретінде өз үлесімді қоссам деймін.

Аудандық ауруханада Жандос Ахметбеков сияқты жастардың еңбек етуіне барынша қолайлы жағдай жасалып отыр. Мекеме қазіргі заманға сай медициналық қондырғылармен жабдықталған. Науқасқа шұғыл көмек керек кезде дәрігерлерді 7 секундта шақыртатын жүйе де жұмыс істеп тұр. Мамандарды баспанамен қамту ісі де қолға алынған.  

Асқар Балтабаев, Ақсу аудандық орталық ауруханасының директоры:

– Ауданда 17 үйіміз бар. Келген дәрігерлерге береміз. Осы жерде жағдайы жасалып, 150 мың жалақы беріледі. Кейін несие беріледі. 3 млн 800 мың.

Кейінгі екі жылда аудандағы емдеу мекемелеріне он адам жұмысқа тұрды. Дегенмен аймаққа енді неонатолог және анестезиолог сынды дәрігерлер қажет. Жауаптылар өзекті мәселені бос жұмыс орны жәрмеңкелері арқылы шешуді жоспарлап отыр. 

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы