419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Хабар» агенттігінің туындылары MIPCOM халықаралық нарығына ұсынылды

  • 987
  • UPD: 15:54, 15.10.2019

Көрерменнің көзайымына айналған «Хабар» агенттігінің туындылары халықаралық MIPCOM аудиовизуалды нарығына шығарылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Францияның Канн қаласында өтіп жатқан көрмеге агенттік арналарында жарыққа шыққан телефильмдер, хикаялар мен бағдарламалар ұсынылды. Осылайша, әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған 13 мың кәсіби маман өзара контент алмасуды көздеп отыр. Отандық туындылар шетелдік көрермен үшін қаншалықты сұранысқа ие?

Халықаралық көрмеде ұсынылған «Хабар» агенттігінің стендіне сұраныс жоғары. Себебі, бұл Мade in Kazakhstan туындылары қойылған жалғыз бұрыш. Отандық телехикая, бағдарлама және фильмдерге шетелдік қатысушылар аса қызығушылық танытуда. Кейбірі агенттік арналарында жарыққа шыққан дүниемен алғаш рет танысып жатса, енді бірі қазақстандық контенттің жоғары сапалы екенін айтады.

Дэнни Дайш, «Oranda» компаниясының директоры:

- Менің ойымша, дәл осы Орталық Азиядағы контент ерекше әрі бірегей боп келеді. Халықаралық нарықта сұранысқа ие болған талай туындыларды көрдік. Мәселен, түркиялық өнімдер Азия нарығында өте танымал. Қазақстандық телехикаялардың да сапасы жоғары. Көрерменнің көңілінен шығары сөзсіз.

MIPCOM – бұл теле және киноиндустрияның бірнеше мың компания-өкілдіктері бас қосатын кең көлемдегі бизнес-алаң. Яғни, осы жерде келер жылы әлем бойынша көрермендерге қандай туындылар жол тартатыны анықталады. «Хабар» агенттігі елімізге шытырман оқиғалы шетелдік телехикалар мен фильмдер әкелмек. Ал, көрме қатысушылары «Хабардың» «Бекзат» биографиялық драмасы мен «Степные ястребы» телехикаясына қызығушылық танытты.

Ерлан Бекхожин, «Хабар» агенттігі» АҚ басқарма төрағасы:

- Біздің мақсатымыз – отандық көрермендерге қызықты болатын өнімді табу. Сонымен қатар агенттік өндірген туындыларды әлемге таныту, паш ету. Қуантатыны, халықаралық нарықта біздің өнімге сұраныс жоғары. Танып, біліп жатқандар қаншама. Одан бөлек, бірнеше телекомпаниялар біздің агенттіктен өз конттентерін таратуға көсмек көрсетуімізді сұрап келді.

«Хабар» агенттігінің туындылары арқылы әлемдік дистрибьютерлер замануи Қазақстан жайлы танып, білгісі келеді. Сондықтан болса керек, Kazakh TV арнасында жарыққа шыққан еліміздің мәдениеті, тарихы, тұмса табиғаты туралы деректі фильмдерге ерекше сұраныс болды. Жалпы MIPCOM-ға қатысу арқылы агенттік эфир уақытын барынша қызықты етуге, телеөнімдер жанрын дамыта түсуге ынталанып отыр. Яғни, алдағы жылы арна көрермендерін түрлі тосын сыйлар күтіп тұрғаны анық.

Авторлары: Алия Сыздыкова, Бекхан Тепсаев

Хабар 24 телеарнасы