387,14 428,20 6.07
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҰҰ ақпарат қызметінің тілшілері Семей полигонына барып, репортаж дайындады

  • 213
  • UPD: 15:54, 15.10.2019

БҰҰ ақпарат қызметінің тілшілері және осы ұйымда тіркелген журналистер Семей аймағына барып қайтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл сапар Қазақстан бастамасымен бекітілген ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күнінің 10 жылдығына орайластырылып отыр.

БҰҰ радиосының қызметкері Наргиз Шекинская бұл жүрекке ауыр тиген сапар болғанын айтқан. Ол БҰҰ ақпараттар қызметі үшін Семей аймағынан бірнеше репортаж дайындап келді.

Наргиз Шекинская, БҰҰ радиосының қызметкері:

Көбіміздің шашымыз тік тұрды. Өз көзімізбен көргеніміз жүректің тереңіне жетті. Бұл аймақта 456 жарылыс болып, осыншама адам одан зардап шеккенін бір баяндамаларда жай оқығанда, бүкіл қасіретін сезіне алмайсың. Ал осы адамдарды көріп, әңгімелесудің орны бөлек. Осы шағын аймақта көп бала кемтар болып дүниеге келеді. Бұл жарылыстардың кесірі екені анық.

Кезінде «Время» бағдарламасының Әзербайжандағы тілшісі болған Наргиз Шекинская 13 жылдан астам RTVI халықаралық компаниясы мен АҚШ-тың ақпарат арналарында жұмыс істеген. Бұрын Семей полигонында болған сынақтар туралы естуі бар ол алғаш рет осы жерге БҰҰ қызметкері ретінде барған.

Наргиз Шекинская, БҰҰ радиосының қызметкері:

- Бұл – өлім алаңы. Бұл жерге келгеннен кейін бізге қорғайтын киім кигізді. Бәріміз абыржып кеттік. Осы аймақта адамдарға төніп тұрған қауіппен бетпе-бет кездестік.

Семей аймағына Наргизбен бірге жапон журналисі Катсухиро Асагири, «Америкалық тележаңалықтар» арнасының жетекшісі Ахмед Фатхи және еуропалық ақпарат құралдарының өкілдері барған. Олар жасаған репортаждардан миллиондаған адам Қазақстан аумағында өткен сынақтардың кесірін білді.

Наргиз Шекинская, БҰҰ радиосының қызметкері:

- Сынақтардан зардап шеккендердің бірі: «Саңырауқұлақ түріндегі ядролық жарылыстың түтіні бізге өте әдемі болып көрінген» деген сөздері есімде қалды. Яғни, жұрт бұл қауіп туралы хабарсыз болған.

БҰҰ ақпарат қызметінің делегациясы Курчатов каласындағы ядролық орталық, балалар үйі мен ауруханаларды аралып шықты. Наргиз Шекинская Семейден жасаған репортажында қарусыздану мен ядролық қаруды таратпау бойынша Қазақстан атқарып келетін еңбегін ерекше атап кетті.

Наргиз Шекинская, БҰҰ радиосының қызметкері:

- Әрине, Қазақстанның ядролық қарудан бас тартқаны және Тұңғыш Президентіңіз бұл полигонды жапқаны – ұлы іс. Осы аузы толтырып айтуға Қазақстанның құқығы бар.

Авторлары: Майра Әбдірахманова, Ренат Садыров

Хабар 24 телеарнасы