389,38 430,50 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елорда автопарктері жолақыны көтермеу үшін субсидияға сеніп отыр

  • 197
  • UPD: 23:54, 15.10.2019

Елордадағы автопарктердің шығыны көбейді. Олар дизель отыны қымбаттаған соң көлік саймандарының құны да айтарлықтай өсіпті.

Енді қоғамдық көліктерде жолақыны өсіруді талап етіп отыр. Дегенмен, «Астана ЛРТ» компаниясының басшылығы жолақы жақын күндері қымбаттамайды деп сендірді. Олар қала билігі қажет көлемде субсидия бөлсе, бұл түйіткілді шешуге болатынын айтады.   

Елордада 7 бірдей автопарк бар. Қаладағы қоғамдық көліктің барлығы солардың қарауында. Соңғы 5 жылда 848 автобус сатып алынған. Соның арқасында қоғамдық көліктердің 70 пайызы жаңарды. Жайлы көліктер жеткізілгенімен автопарктердің жағдайы жақсы болмай тұр. Олар дизель отыны қымбаттады, көлік саймандарының бағасы да күрт өсті деп қызыл кеңірдек болып отыр.

Нұрмахан Пулатов, «№1 Автобус паркі» АҚ директоры:

– Ай сайынғы шығын көлемі 550 млн теңгеге жуықтайды. Дизель отыны осы күні 102 пайызға қымбаттады. Сәйкесінше көлік саймандарының бағасы да өсті. Қоғамдық көліктермен тегін жүретін немесе жолақысын жартылай төлейтін адамдардың санаты бар. Осылардың барлығын есепке алғанда шығын шаш-етектен. 

Шығынға белшесінен батқан автопарктер субсидияға зәру. Қарыз қамытынан құтылу үшін жылына 15,7 млрд теңге бөліну керек. Бірақ әкімшілік соның үштен бірін ғана беріп отыр. Ал Алматыда жағдай мүлдем басқаша. Ондағы автопарктерде мұндай мәселе жоқ.

Бауыржан Тілеубергенов, «№3 SK Автобус паркі» ЖШС директоры:

– Бізге сөзсіз субсидия керек. Алматыда қажет делінген қаржыны бірден береді. Ал бізде кешіктіреді немесе субсидияны толық мөлшерде бөлмейді. Осының кесірінен біраз қиындықтарға тап болып отырмыз. 

Осыған дейін субсидия неліктен толық мөлшерде бөлінбей жатқаны мәлім болды. Елордадағы қоғамдық көліктерге электрондық төлем жүйесі былтыр ғана енгізілген. Оған дейін жолаушылар жолақысын қолма-қол төлеп келді. Кесірінен, кондукторлар мен автобус жүргізушілері түскен табыстың бір бөлігін қалталарына салатын. Мұндай құйтырқылықтан автопарктер жылына орта есеппен 5 млрд теңгеден қағылып келді.  Ал электрондық жүйе енгізілгелі – түлкібұлаңға салатындар азайды, нақты табысты анықтау да оңай болды. 

Мирас Шекенов, қалалық мәслихат депутаты:

- Қазір нақты сандарға сүйенуге болады. Бұрын автопарктердің табысын анықтау қиын болатын. Сондықтан субсидия тұспалдап қана беріліп келді. Қалалық бюджеттен бөлінетін қаражаттың жартысынан астамы – әлеуметтік саланы дамытуға жұмсалады. Сондықтан 3 жылға арналған бюджет жобасында автопарктерге қажет субсидия мәселесін қарастыруға болады.  

Қаладағы автопарктердың жұмысы тұралап қалмау үшін оларға 3 жыл қатарынан субсидия бөлінуі тиіс. Яғни 47 млрд теңге керек. Әкімшілік бұл қаржыны бере ме, жоқ па - әлі белгісіз. Бір анығы – тиісті субсидия бөлінсе жолақысы да қымбаттамайды, автобустар да уақытылы жөндеуден өтеді. 

Бекмырза Игенбердинов, «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасы:

- Электрондық төлем жүйесі енгізілгелі жолаушы тасымалдайтындардың табысы 40 пайызға өсті. Бірақ шығындары да көбейді. Олардың кондукторлардан бас тартқаны белгілі. Дегенмен, соларға төленіп келген ақшаны автобус жүргізушілеріне қосып берді. Барлығын штаттық жұмысқа қабылдады. Мұның барлығына көп қаражат жұмсалды. 

Жауапты компания құнды өсіруге жол бермейміз дейді. Бар үміт сол субсидия. Жолаушылардың барлығы төлем карталарын қолданса, көлеңкелі табыстан арылуға болатын еді. Бірақ электрондық жүйенің де біраз шикілігі бар. 

- Каспий кз-пен түспеген кездер болды. 2-3 күн түскен жоқ. Банкке звондадым, 109-ға звондадым. Болмаған соң 180 теңге төледім. Енді жоқ болса не істейміз?

- Мен картаға ақша саламын. Бірақ ол ақша картаға 3 күн бойы түскен жоқ. Сол себепті мен телефоннан жолақысын төлеп, уақытымды солай құрттым. 

Осындай олқылықты болдырмау үшін жауаптылар жаңа әдісті сынақтан өткізіп жатыр. Олар жақында жолаушылар жолақысын банк карталарымен төлеуге мүмкіндік алады дейді.  

Жеңіс Жалбыр, «Астана LRT» ЖШС көлік мамандарының біліктілігін арттыру орталығының директоры:

- Қазіргі кезде біз пилоттық тәжірибе өткізіп жатырмыз. 20 бағдарда виза карталарымен төлем жүргізу басталды. Ол үшін жаңа құрылғылар қойылды. Жоба сәтті жүзеге ассса, басқа да бағыттарда осы тәжірибені қолданатын боламыз.  

Автобустарда жолақысын төлемейтіндермен күрес күшейе береді. Айыппұл көлемі жыл сайын артып жатыр. Тексеріс үдеген соң ережені бұзатын жүргізушілер де ақы төлеуден жалтаратын жолаушылар да азайған екен. 

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Өмірбек Ізімов

Хабар 24 телеарнасы