387,14 428,20 6.07
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде онкологиялық дертке қарсы күрес жалғаса береді

  • 234
  • UPD: 23:07, 15.10.2019

Еліміз онкологиялық аурулармен күресте Еуропаның инновациялық тәсілдерін пайдаланбақ. Қазір Қазақстан обыр дерті дендеген 50 мемлекеттің қатарында. Осы мәселеге алаңдаған еліміз онкология саласындағы білгірлердің басын қосып, дүниежүзілік саммит өткізіп жатыр. Саммит аясында үш жақты меморандумға қол қойылды.

Қазір мамандарды оқыту, диагностиканың заманауи әдісін пайдалану, науқастарға жедел медициналық қызмет көрсету күн тәртібінде. Қазақстанның да емдеу тәсілін оңтайлы санайтындар жоқ емес. Мерей Мұратханқызы сөз алады.

Күллі әлем қатерлі ісікпен бірге күресуге ниетті. Бүгін олар Елордада бас қосты. Онкология саласындағы лидерлердің дүниежүзілік саммиті бұған дейін ТМД-да, тіпті орталық Азияда өтпеген. Елімізде қатерлі ісікпен күрестің кешенді жоспары түзілген. Оны жүзеге асыруға қазынадан 35 млрд теңге бөлінді. Шараға жиналғандар да бұл шешімді бір ауыздан мақұлдады. 

Дина Майред, Иордания ханшайымы:

- 15 жыл бұрын Иорданияда обыр дертін емдеу жолға қойылмады. Науқастарымызды шетелге жіберіп отырдық. Оның ішінде Қазақстан да бар. Бір айтарым, елімізде білікті мамандар мен қажет жабдықтар болды. Ендеше, аурудың асқынуына не себеп? АҚШ сияқты алпауыт елдердің тәжірибесіне сүйене келе, бізде менеджменттің ақсап тұрғанын түсіндік. Бағытымызды ауыстырып, емдеуді дұрыс жүргізгендіктен, нәтиже де бола бастады. 

Қазақстан ТМД-дағы тегін скрининг жүргізілетін жалғыз мемлекет. Бұл үшін жыл сайын бюджеттен 4 млрд теңге бөлінеді. Бірақ, қатерлі ісікті ерте анықтау әлі де мүмкін болмай тұр. Себебі халық өз денсаулығын тексертіп отыруға құлықсыз. Салдары өкінішті. Салада ілгерілеген Америка мен Еуропада науқастардың емделуі 80 процентке жетсе, бізде 50 проценттен енді асқан. 

Мұратжан Сақтағанов, хирург-онколог дәрігер:

- Он жылдан кейін адамдар өзі келіп, шақырумен бірден тез келетін болған. Содан сүт без қатерлі ісігінің көрсеткіші өсті. Ерте анықталған кезі. 80 пайыздан асырылды. Алдын ала сүт безіне шалдыққан науқастырымыздың 44 пайызы ғана 5 жыл жасайтын. Қалғандары қаза болатын еді. 

Биылдан бастап, елімізде магнитті-резонанстық және компьютерлік томографиялар мен ультра дыбыстық зерттеу тегін жүргізіледі. Мамандардың айтуынша, жыл сайын 35 мың адам обыр дертіне шалдығады. Қазір тіркеуде тұрғандардың саны 180 мыңға жақындады. Дегенмен, соңғы 25 жылда өлім-жітім 25 процентке азайған. Мұның бір себебі мамандар дайындауға да байланысты дейді онкологтар. 

Диляра Қайдарова, ҚР Бас онкологы:

- Биыл үшінші рет онколог резиденттерімізді түлеттік. Олар қатерлі ісік көп тіркелген Шығыс, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарына жіберілді. 2020 жылы тағы 54 онкологты дайындап шығарамыз. Қазір мамандарымыз Америка, Корея, Еуропада біліктілігін арттырып жатыр. Өкінішке орай, елімізде өкпе және сүт безі ісігінен қайтыс болғандар көп. 

2024 жылы еліміздегі денсаулық сақтаудың ЖІӨ-дегі үлесі екі еселенеді. Қазір Қазақстан бойынша 5 онкологиялық орталық бар. Елордада Орталық Азиядағы ең ірі кешен салынып жатыр. Демек, қатерлі ісікпен күрес жалғаса бермек. 

Мерей Мұратханқызы, Ержан Рахманбердиев

Хабар 24 телеарнасы