384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қайырымдылықты сылтау етіп, жұрттан ақша жинайтындар көбейді

  • 256
  • UPD: 00:14, 16.10.2019

Қайырымдылық - қайырлы іс. Алайда оны жасар алдында жағдайды жіті зерттеп алған жөн. Себебі қоғамда қайырымдылық атын жамылып, жұрттан жылу жинайтындар көбейіп кетті. Елордада биылдың өзінде осындай іспен айналысқан оншақты азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Қайырымдылық қасиет төресі деп жатамыз. Алайда сол қайырымдылық жасауға көпшілігіміз құлықты емеспіз. Қоғамдық орындарда мынадай жәшіктердің қойылуы қазір заңдылыққа айналды. Біріміз оған ақшаны салып жатсақ, енді біріміз оны алаяқтық жолмен алып жатамыз. Бұған кім жауапты? Заңсыздықтың жолын қалай кесуге болады? 

Алаяқтардың айла-тәсілі көп. Қазақ мемлекеттік заң университетінің студенттері осыдан бірнеше жыл бұрын солардың құрығына ілікті. Жоғарғы оқу орнында қайырымдылық шарасы өтіп, қомақты қаржы жиналды. Алайда сол қаражат бәзбіреулердің қалтасында кеткен. 

Қоғам белсендісі Аружан Саин басқаратын қайырымдылық ұйымы да алаяқтықпен жиі кездеседі. Мекеменің атын жамылып, жұрттан жылу жинайтындар көбейіп кеткен. Алайда заңсыздықпен күрестің тәсілін таптық дейді қор директоры. 

Аружан Саин, «Мейірімділік» Ерікті қоғамы» қорының директоры:

- Егер балалары сырқат жандарға көмек беру керек болса, біз тиісті құжаттарды түгел сұратып аламыз. Яғни күрделі операция елімізде жасалады немесе жасалмайтынын анықтаймыз. Қаражатты бір шотқа жинаймыз. Сөйтіп, клиникаға тікелей аударамыз. Осылайша ата-аналардың да шын ниетін білеміз. Бұған дейін бізден баласының еміне қаражатты өз қолдарына беруді талап ететіндер көп болатын. Қазір азайды. 

Елорда бойынша қоғамдық орындарда қайырымдылық жәшіктері аз емес. Мүмкіндігі шектеулі жандар немесе баласы сырқат ата-аналар кез келген кәсіпкерлік нысанның келісімін алып, көпшіліктен қаражат жинауға құқылы. Жұртшылық баса мән беруі тиіс бір жәйт: жәшіктің сыртында мұқтаж жанның мәліметі толық көрсетілуі қажет. 

Вадим, мүмкіндігі шектеулі жан:

- Мен жәшікте мүмкіндігі шектеулі жан екенімді көрсеттім. Шын мәнінде, көмек қажет. Бірақ менің де атымды жамылып, суретімді көрсетіп, жәшікке жиналған қаражатты алып кетемін деген адамдар кездесіпті. Абырой болғанда, нысанның әкімшілік қызметкерлері рұқсат бермеген. Өзімнің келуімді талап еткен. 

Тағы бір маңызды жайт: қайырымдылық жәшігінің арнайы құлпы болуы тиіс. Әттегенайы, бұл іспен тұрақты түрде айналысып, ортақ ереже қалыптастыратын мекеме жоқ. Демек, кез келген азамат өзін мұқтаж жанмын деп таныстырып, көпшіліктен көмек сұрай алады. 

Софья Қылышбекова, қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы:

- Жыл басынан бері елордада қайырымдылыққа қатысты 10-нан аса қылмыстық іс тіркелді. Шын мәнісінде жақсылық атын жамылып жүргендердің қатары көп болуы мүмкін. Сондықтан қандай да бір көмек көрсетер алдында қайырымдылық ұйымдарына немесе көмекке мұқтаж жандарға тікелей хабарласқан жөн. 

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Асхат Қарақойшиев, Өмірбек Ізімов

Хабар 24 телеарнасы