387,14 428,20 6.07
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арыс-Түркістан каналының 60 шақырымы бетондалады

  • 220
  • UPD: 18:25, 16.10.2019

Түркістанда ағын су тапшы. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәлімдеуінше, өңірде жылына 180 млн текше метр су жетіспейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе, жер еміп өскен диқандар қатты тарығады. Шаруалардың айтуынша, ағын су, мақта көсек байлайтын тамыз айында аса қажет. Бірақ ол кезде арықтардың арнасы кеуіп, суы тартылып қалады. Соның салдарынан өнімділік те бірнеше есе азайған.

Түркістандық шаруалардың жаздайғы еңбегі биыл да еш кетейін деп тұр. Себебі, ебін тауып, егін салып отырған диқандар су тапшылығынан зардап шегіп отыр. Мәселен, мыңдаған гектар алқапқа мақта еккен ауыл шаруашылығы кооперативінің басшысы Мырсейіт Юлдашев тіршілік нәрінің жетіспеушілігінен біраз шығындалғанын айтады.

Мырсейіт Юлдашев, Ауыл шаруашылығы кооперативінің төрағасы:

Бізде тамыз айында су тапшылығы болады. Мақтаға су нағыз тамыз айында керек. Су жағынан өте қиын. Бізге қыркүйекке дейін су болса, проблемалар шешілсе, шаруа өнімді көптеу алады.

Су мүлде жоқ деуге болмас. Бар. Бірақ өңір шаруаларын тіршілік нәрімен қамтып отырған Арыс-Түркістан каналын қамыс басып, су арнасы бітеліп қалған. Шіліңгір ыстықта су тартылып, арық түбі қаңсып қалады. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың айтуынша, өңірдегі шаруаларға өнімділікті арттырып, бау-бақша көлемін ұлғайту үшін 180 млн текше метр су қажет. Қазір осы кемшілікті жою үшін Арыс-Түркістан каналының 60 шақырымы бетондалып жатыр.

Нұрбек Бадырақов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Осы жоба аясында біздер 60 млн текше метр суды үнемдейтін боламыз. Бұдан бөлек Сырдария өзенінен машиналық канал салу жоспарланып жатыр. Бүгінгі таңда техникалық экономикалық негіздемесі мен жобалық-сметалық құжаттары қатар жүргізіліп жатыр. Осы канал арқылы 80 млн текше метр ағынсуды жеткізетін боламыз.

Бұл жұмыстарға республикалық бюджеттен 14 млрд теңге қаржы қаралған. Аталған қаражаттың 1,4 млрд теңгесі су арнасының Түркістан қаласы аумағындағы 5 шақырымын абаттандыруға жұмсалады. Яғни, келешекте канал маңы көпшілік сейіл құратын орынға айналады. Вело және жаяу жүргіншілер жолы салынып, жарықтандырылады. Мамандардың айтуынша, аталған су арнасы арқылы 70 мың гектар жер суғарылады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш Хабар

Хабар 24 телеарнасы