387,14 428,20 6.07
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде 9-12 жас аралығындағы қыз балаларға қатерлі ісікке қарсы екпе жасалуы мүмкін

  • 158
  • UPD: 20:45, 16.10.2019

Бұл туралы елордада өтіп жатқан Онкологиядағы көшбасшылардың дүниежүзілік саммитiнде денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері хабарлады.

Сонымен бұл екпе не үшін қажет?

Адамның папиллома вирусы жатыр мойны обырын тудырушы инфекциялардың бірі. Оған қарсы екпе жасау арқылы қатерлі ісік ауруының 90%-інің алдын алуға болады. Сондықтан мамандар қыз балаларға ерте жастан-ақ осындай екпе жасатуға кеңес береді.

Диляра Қайдарова, ҚР ДСМ бас онкологы:

- Жатыр мойны обыры алдын алуға болатын ауруларға жатады. Бұл негізінен екпе жасау арқылы жүзеге асырылады. Біз денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, 9-12 жас аралығындағы қыз балаларға тегін екпе жасауды бастағымыз келіп отыр. Әрине, бұл ата-аналардың рұқсатымен ғана жүргізіледі. Ал халықаралық тәжірибеге тоқталсақ, Австралияда бұл вакцинацияның енгізілгеніне он жыл болды және олар жатыр мойны қатерлі ісігінің деңгейін төмендеткен.

Элизабет Вайдерпасс, обырды зерттеу жөніндегі халықаралық агенттіктің директоры:

- Жатыр мойны обырынан әлемде күніне 27 әйел қайтыс болады. Сондықтан бұл дертпен күрес Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басты бағдарламаларының бірі. Кей елдерде адам папилломасы вирусына қарсы екпе мектеп бағдарламасына енгізілген. Зерттеулерге сай жасөспірім қыздарға екпенің екі дозасы жеткілікті. Бірақ аурудың алдын алу үшін барлық нәзік жандыларға екпе алуға кеңес беріледі. Жалпы нарықта папиллома вирусына қарсы вакцина тапшылығы байқалады. Себебі әлемде бұл дәріні шығаратын екі ғана өндіруші бар.

«Сондай-ақ аты жаман ауруға алып келетін факторлардың бірі – шылым шегу», дейді ғалымдар. Бұрынғы Кеңес Одағы мемлекеттеріндегі науқастардың 26%-і табак өнімдерін тұтынатындар. Көңіл көншітпейтін статистика, әрине. Осы орайда, халықаралық тәжірибеге сүйенген министр табак өнімдері қолданысын шектеудің бірнеше жолын ұсынды.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі

Парламентте табак және табак өнімдерін тұтынуды төмендетуге бағытталған ұсыныстар қаралып жатыр. Бұл халықтың денсаулығына тікелей әсер ететіндіктен саланы қатаң бақылауға алу маңызды. Сондай-ақ біз темекі жарнамасын азайтуды көздеп отырмыз. Өйткені бұл тұтынушылардың санын төмендетеді. Бұған қоса, біз жаңа денсаулық сақтау жүйесін дамыту бағдарламасында табак өнімдері мен ішімдікке қосымша салық енгізуді ұсынамыз.

Сарапшылар қатерлі ісікпен күреске жекеменшік секторды тартуды ұсынады. Әлемдік дертті жеңу үшін медициналық мекемелер мен зерттеу орталықтары бірлесіп жұмыс істеуі керек. Сонымен қатар халықтың уақытылы тексеруден өтуі де маңызды. Министрдің айтуынша, жаңа Денсаулық сақтау кодексі аясында қызметкерлер скринингтен өту үшін ол күн жұмыс уақыты болып есептеліп, ақы төленеді. Егер жұмыс берушілер бұдан бас тартса, оларға арнайы санкциялар қарастырылған.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Ербол Дайыров

Хабар 24 телеарнасы