384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-дағы Октябрьск ауылының тұрғындары ауызсуды өзеннен ішіп отыр

  • 240
  • UPD: 20:48, 16.10.2019

Батыс Қазақстан облысында қаламен іргелес қоныстанған бұл елді мекенде мектеп, балабақша, не мәдениет үйі жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сөйтіп, ауылдың үлкені де, кішісі де алысқа сабылып әлек.

Сағымбай Жаңбыршиевтің отбасы ауыз суды өзеннен алып ішіп отыр. Өзі бірер жыл бұрын Қаратөбе ауданынан көшіп келіпті. «Қалаға жақын ауыл болған соң тұрмысы да түзулеу ме деп ойладым. Алайда, мұнда қинайтын проблема жеткілікті», - дейді ол.

Сағымбай Жаңбыршиев, Октябрьск ауылының тұрғыны:

- Су жоқ, шешілмей жатыр. Екі-үш жылдан бері айтады, «болады» деп. Онымен болмай атыр. Арасында құдықтан аламыз, онымен құдық бұзылып қалады, сап-сары ғой, өзеннен аламыз. Шайға аламыз, енді тұндырып ішеміз, басқа су жоқ.

Тұрғындарды қинайтын тағы бір мәселе – ауылда орта мектеп атымен жоқ. Сол себепті балалар округ орталығы Мичурин мен Асан ауылындағы мектептерге қатынап оқиды. Айналма жол болған соң оқушылар күн сайын 40 шақырым жол жүруге мәжбүр.  

Ариана Бекисова, Октябрьск ауылының тұрғыны:

- Автобус бірде жүреді, бірде жүрмейді. 2-3 айдың көлемінде болды бір смена жүреді, бір смена жүрмейді. Таксимен барамыз, жаяу барамыз, сөйтіп жүреміз, 1 автобус жүреді 10-ка жүреді.

Толқын Шұғылова, Октябрьск ауылының тұрғыны:

Қызды вокзалдағы 45 мектепке апарамыз. Мында беруге болады Асанға, мына Плодовощнойға. Онымен ол автобустар ертең қыстыгүні бұзылып қалады. Балаға білім жоқ қой, бір барады, екі күн бармайды. Өзіміз апаруға көлігіміз жоқ, тек атобус мәселесін шешіп берсе.

Дина Құмарғали, оқушы:

- Мектептің осы ауылда болғаны жақсы. Кейде күн жауын жауғанда жүрмей қалады. Сондай күндері біз сабақтан қалып қоямыз жиі, кейбір бағдарламаларды өтпей қаламыз.

Октябрьск тұрғындарын осындай мәселелер қинайды. Аудан басшылары ауылдықтарды толғандырған жәйттермен жақсы таныс. Автобус мәселесін шешу үшін қосымша бағыттарды іске қосуға болады. «Немесе несие алып, жолаушы тасымалымен айналыссам дейтін кәсіпкерге қол үшін беруге әзірміз», - дейді аудан әкімі.

Асхат Шахаров, Бәйтерек ауданының әкімі:

- Мектеп мәселесі Жамбыл елді мекенінде және оған тиісті қасындағы елді мекендерге байланысты қазіргі таңда өте қажетті деп білеміз және оған ЖСҚ дайындап, 300 орындық мектепке сұраныс жасап отырмыз. Ол мектеп салынса, барлық айналадағы елді мекендер мектепке тасымалдау жасайтын боламыз.

Ал, ауылдың басты проблемасы ауызсу мәселесін түпкілікті шешу алдағы жылдардың еншісінде. Жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. Ауылға су құбырын тарту үшін кемінде 400 миллион теңге қаржы қажет болады.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы