388,28 427,67 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанайдың іргесіндегі Аманкелді су қоймасын жөндеу жұмыстары аяқсыз қалды

  • 158
  • UPD: 20:47, 16.10.2019

Қостанайдың іргесіндегі Аманкелді су қоймасының әбден тозығы жетті. 60 жыл бұрын салынған стратегиялық маңызды нысан жоспар бойынша биыл қайта жаңғыртылуы тиіс еді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қаржы бөлініп, мердігер де анықталған.

Бірақ басталған іс сол бойы аяқсыз қалды. Қостанай қаласын ауызсумен қамтасыз етіп отырған су қоймасының қазіргі жағдайы мен құрылыстың неге тұралап қалған?

Қостанай облысында алты су қоймасы бар. Олардың барлығы кемі ширек ғасырдан астам жөнді жөндеу көрмеген. Мысалы Аманкелді су қоймасының қазіргі ахуалын мамандар қанағаттанарлық деп бағалағанымен, төтенше жағдайдың алдында тұрғандығын мойындайды.

Қатты ағыс кезінде ауыр қақпақты кранмен көтеріп жабудың өзі біраз қиындық турады екен. Су асты бөгеттері мүжіліп, кертілгендіктен кетігіне келе қоймайды. Тығыз жабылмағандықтан су жыра тауып, өздігінен ағып кетеді.

Александр Здерев, өндірістік участке басшысы

Қойманың темір қақпақтарын жылда тоттан тазартамыз. Алайда жарты ғасыр бұрын салынған қақпақтар әбден жұқарып, ескірген. Майысқан тұстары да бар. Сондықтан төтенше жағдай туындау қаупін жоққа шығаруға болмайды.

2016 жылы жүргізілген мемлекеттік сараптама Аманкелді су қоймасы күрделі жөндеуді өткізу қажет ететіндігін растады. Оның сметалық құны 253 миллион 710 мың теңге деп белгіленді. Былтыр қазан айы мердігер анықталып, онымен келісімшарт та жасалған. Бірақ жаз бойына бітірілген шаруа шамалы.

Абат Әбілов, «Қазсу шаруашылығы» РМК ҚФ директоры міндетін атқарушы:

- Әр атқарылатын құрылыс-монтаж жұмыстарының тапсырушымен бекітілген жұмыс жүргізу кестесі болады ғой. Соны бірнеше қайтара бұза бергені үшін, сол жаңағы келісімшарт тоқтатылып, ол мердігер сотқа беріліп, сонымен соттың шешімі бойынша «недобросовестный» дейміз ғой, сол мердігерге жатқызылды.

Одан кейін тамыз айы екінші қайтара тендер өткізілген. Оған қатысқан екі мердігерде тиісті талапқа сай келмепті. Сондықтан тағы бір мәрте байқау жарияланды. Мердігер анықталғанның өзінде жөндеу жұмыстары алдағы жазда басталады. Ал арнайы келіп тексерген мамандар «су қоймасы көктемгі тасқынға төтеп беруге тиісті» деп отыр.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы