388,07 428,20 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысында 10 кәсіпорын 840 жұмысшыға 178 млн теңге берешек болған

  • 150
  • UPD: 19:51, 17.10.2019

Түркістан облысында жыл басынан бері еңбек инспекциясына 817 арыз-шағым түскен.

Бұл былтырғымен салыстырғанда екі есе аз. Дей тұрғанмен еңбек қатынасының сақталмауы, жалақының уақытылы төленбеуі секілді жайттар аймақта әлі де кездеседі.

Бүгінге дейін түскен арыздың 36% жалақыны уақытында төлемеуге байланысты. Одан кейін еңбек шартын бұзу, еңбек демалысын бермеу және жұмыс уақыты кестесін бұзу мәселесі төңірегіндегі шағымдар. Биыл облыстағы 10 кәсіпорын 840 жұмысшыға 178 млн теңге берешек болған. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 132 млн теңге жалақы қарызы қайтарылып, 807 жұмысшының құқығы қорғалды.

Алмасбек Мамытбеков, облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы:

– Сайрамдағы «STRATUS OIL» ЖШС-нің 19 жұмыскер алдында 40,7 млн теңге жалақы қарызы қалып отыр. «Қыран» футбол командасы» МКҚК-да арыз жазған 4 жұмыскеріне 1 970 118 теңге жалақы қарыз. Арыс қаласындағы «Арыс санаториясы» ЖШС-де 10 жұмыскеріне 3,42 млн теңге жалақы қарызы бар.

Басқарма басшысының айтуынша, өткен 9 айда өңірдегі кәсіпорындарда 24 оқыс оқиға болған. Соның салдарынан 34 жұмысшы зардап шегіп, 4 адам қайтыс болыпты. Бірнеше отбасы асыраушысынан айырылса, қаншама бала әкесіз өсіп келеді. Өтемақы төленгенімен әке орын аламастыра алмасы анық. 

Алмасбек Мамытбеков, облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы:

– Өндірістік оқиға барысында қаза тапқан 4 азаматтың отбасына заңнамалық негізде белгіленген өтемақы төленіп берілді.

«Бұл көрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда анағұрлым төмен» дейді жауапты сала басшысы. Алайда өндірістегі қауіпсіздік босаңсуды кешірмейді. Сондықтан еңбек инспекциясы облыстағы еңбек шартының сақталып, жұмысшы құқығының тапталмауына баса мән береді деп сенеміз.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы