387,14 428,20 6.07
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бензин акцизі 10 теңгеге өсуі мүмкін. Үкіметтің бұл шешіміне не түрткі?

  • 170
  • UPD: 19:50, 17.10.2019

Елімізде бензин акцизі 10 теңгеге өсуі мүмкін.

Яғни өндірушілер жанар-жағармай үшін литріне бұрынғыдай 8 теңге емес, 18 теңге төлейтін болады. Бұл отынның бөлшек саудадағы бағасына қалай әсер етеді? Жалпы Үкіметтің бұл шешіміне не түрткі?

Елімізде нан ғана емес, бензин де қымбаттайтын түрі бар. Бүгін Сенат отырысында таныстырылған 3 жылдық бюджет жобасынан осыны аңғардық. Үкімет өкілдері қосымша шығындар көбейгенін, соған сай жанар-жағармайға салынатын акциз де өсетінін алға тартты. Яғни бюджет шығыстарын түсім толықтыруы тиіс. Бір ғана мысал, биыл әлеуметтік салаға жұмсалатын бюджет қаржысы 5,4 триллион теңгеге жуықтайды.

Әлихан Смайылов, ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары - қаржы министрі:

– Шығыстарды қайта бөлуді ескере отырып, нақты сектор шығыстары 15,6 млрд теңгеге ұлғайтылды.

Сонымен желтоқсанның 1-нен бастап елде бензиннің әр литріне салынатын акциз 10 теңгеге артып, 18 теңге болады. Қазір 8 теңге. Бұл өзге елдермен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Бензиннің құны да өзімізде біршама арзан. Көршілес Ресейде жанар-жағармай біздегіден 100 теңгеге, Қырғызстанда 70-80 теңгеге қымбат. Сәйкесінше, осы елдерден Қазақстанға келіп, бензинді тонналап алып кететіндер көбейді. Ішкі нарықта тапшылық туындамас үшін бағаны біртіндеп теңестіру қажет, дейді мамандар. 

Руслан Дәленов, ҚР ұлттық экономика министрі:

– Көршілес елдерде жанармай бағасының бізден қымбат екенін естідім. Мен бұл мәселемен кешенді түрде айналысу қажет деп есептеймін. Бағаның екі есе өсіру, әрине, ешкімнің ақылына қонбайды. Барлығы да халықтың табысына сәйкес болуы қажет. Менің ойымша, 6 процентке, яғни 10 теңгеге қымбаттауы мүмкін.

Үкімет қана емес, сарапшы топ өкілдері де көрші елдердегі ахуалдарға қанық. Алайда бағаны біркелкі ұстап тұру міндетті емес, дейді олар.

Акциз көлемі осылай өсе беретін болса, бензиннің де қымбаттайтыны белгілі. Сондықтан басқа амалдарды қарастыру керек.

Жангелді Шымшықов, экономист:

– Өзінің экономикасын қорғау тек қана акциз арқылы емес қой. Шекара арқылы шектеу қоюға болады. Егер де біз жанар-жағармай бекеттеріне тапсырма берсек, оларға шектеу қоюға болады.

Акциздің көлемін 10 теңгеге өсіру әзірге жоспар ғана. Үкімет өкілдері осылай деп сендірді. Яғни тұтынушыға ұсынылатын баға өзгеріссіз қалуы да мүмкін. Бір анығы, бюджетке қосымша қаражат керек және сол қажеттілік ең алдымен акциз арқылы өтелмек.

Хабар 24 телеарнасы