387,09 428,20 6.07
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-дағы Жәнібек дендробағына күтім керек

  • 165
  • UPD: 22:32, 17.10.2019

Елімізде небәрі екі дендробақ бар.

Бірі Шымкентте, екіншісі Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында. Соңғысы Сталиннің бұйрығымен 1952 жылы құрылған. Мақсат – шөлейт аймақтың табиғи жағдайында терек түрлерінің қалай өсетінін зерттеу еді.

Бірақ бүгінде бұл академиялық бақтың маңызына жете мән берілмей, тарихы терең табиғи ландшафт қараусыз қалған.

Қиырына көз жетпес сайын даламызда тал-терек сирек кездеседі. Облыс аумағының 0,6%, яғни 89 мың гектары ғана орманмен көмкерілген. Себебі арнайы суармаса, жауыны аз аймақта жасыл желектің өздігінен тамыр тарта қоюы екіталай. 60 жыл бұрын Жәнібек стационарлық бағын егудегі басты мақсат та шөлейт аймақта ағаштардың қалай өсетінін бақылау болатын. Сол кезде бақтың ортасындағы 6 гектар дендрарийге әлемнің әр түкпірінен 200-дей терек түрі отырғызылыпты. Бүгінде 50 шақтысы қалған. 

Амангелді Уәлиев, Жәнібек ауылының тұрғыны:

– Осында істеген адамдарды көзіміз көріп жүр. Бірнеше адам, 800-дің үстінде ғылыми еңбек, доктор, кандидаттар диссертация қорғаған. Әрбір теректің тарихы, қайдан алып келгені. Егемендік алған жылдардан бастап, дендрарийдің қожайыны болмай қалды.

Бұрын мұнда 20 шақты қызметкер, бірнеше техника болса, қазір жалғыз күзетші қалған. Ол да кейінгі жылдары бекітіліпті. «Жалғыздың үні шықпас». Орманды өрттен күзету, браконьерлерден қорғау, қураған теректерді тазалап, шөбін шабуға бір адамның әлі келмесі анық.

Ермек Ақпасов, орманшы:

– Адамдар кіріп кетеді. Қарсыласады. Көбісі ішіп алған. Таңмен келем. Жалғыз өзіме көнбейді, қауіпті.

Жәнібек академиялық бағының жалпы аумағы мың жарым гектар болатын. Соның жартысы шекараны демаркациялау кезінде Ресейге кетіпті. Қазақстан жағында қалғаны 880 гектар. Көрші мемлекет оған федеральдық маңыздағы табиғи ескерткіш мәртебесін беріп үлгеріпті.

Жақсылық Абдолов, Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары:

– 2014 жылы Білім және ғылым министрлігінің ғылым комитеті үлкен зерттеу жұмыстар жүргізді. Сол кезде үкіметке Жәнібек стационары мемлекеттік кәсіпорын құру жөнінде ұсыныс білдірді. Енді сол кезеңде қолдау таппаған, кейін бұл іс аяқсыз қалып қойған енді. Қазақстандық тараптағы ғалымдардың зерттеуінше, бұл стационар қайталанбайтын, баламасыз болып табылады. Сондықтан да мұның ғылыми маңыздылығы зор.

Жоғарыдан жәрдем болмағасын, жергілікті атқарушы органдар табиғи ландшафтты сақтап қалудың өзге жолдарын қарастыруда.

Бисен Хайруллин, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:

– Жәнібек стационарында Орда орман шаруашылығының бөлімшесін ашу ойымыз бар. Оған көп қаражат керек емес. Бірінші жылы 40 млн-дай ақша керек болар. Бірақ келесі жылдарда 5 млн-6 млн сол 5-6 кісі ұстап тұруға техникасымен. Былтыр облыстық әкімдікке хат жаздық, биыл да сол мәселені қайта көтергіміз келіп жатыр, қайтадан қаражат сұрап. Қалайда біз дендробақты сақтап алып қалуымыз керек.

Осы арқылы ғылыми жұмыстарды жалғастырып, аридтік аймаққа төзімді терек түрлерінің тұқымын тәлімбақта өсіріп, таратуға болар еді, - дейді мамандар.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов

Хабар 24 телеарнасы