388,28 427,67 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарда сал ауруына шалдыққан балаларды оңалту орталығы ашылды

  • 159
  • UPD: 14:46, 18.10.2019

Павлодарда сал ауруына шалдыққан бүлдіршіндерді оңалтуға арналған тағы бір орталық ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаңа ғимарат ерекше балаларды емдеуге қажетті заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Ең бастысы – мүмкіндігі шектеулі балалар бұрынғыдай кезек күтпейді. Өйткені қосымша 48 орын ашылып отыр.

Ертіс өңірінде ерекше балалардың саны 2,5 мыңнан асады. Олардың шамамен 500-ге жуығының бел омыртқасы зақымданған. Ондай науқастарға сауықтыру шаралары үздіксіз жүргізілуі қажет екен. Сапура Төлеубаева сал ауруына душар болған немересін 3 жасынан бері емдетіп келеді. Бүгінде жасы 13-ке толған немересі Әлішер Аманолланың жағдайы жақсарған. Ал, жаңа орталық жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.

Сапура Төлеубаева, Әлішер Аманолланың әжесі:

Бассейні бар, парафині бар, физиосы бар, ЛФК-сы бар. Ән сабағы, еңбек сабағы бүкілі кеңейіп жатыр. Жан-жағынан әртүрлі. Бүкіл процедураны алады. Бұрынғы жағдайда аздау болатын. Қазір енді кеңейіп жатыр орталығымыз, өте қуаныштымыз.

Жергілікті атқарушы билік өкілдері ерекше балаларды барынша қамқорлыққа аламыз деп отыр. Мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істейтін мамандарға да қолдау көрсетілмек.

Ернұр Қаленов, әлеуметтік жұмыс бойынша маман:

Топтар көбірек ашылады. Содан кейін балалардың кезекте тұру мәселесі шешіледі. Біз қазіргі таңда 62 баламен жылына 180-ге жуық баланы оңалтудан өткізсек, қазір қосымша орынмен 48 орынды қосқанда 108 баланы қамтимыз. Жылына 300 адамға дейін оңалтудан өткізуге дайынбыз.

Қосымша ғимаратты қалпына келтіру мен материалдық жабдықтарға 100 миллион теңге көлемінде қаржы жұмсалған. Ал, емдеу мекемесінің балаларды сауықтыру мүмкіндігі екі есеге артты.

Болат Бақауов, облыс әкімі:

- «Осындай орталық ашылады» деп көптен үміттеніп жүрді. Енді өздері де жұмысқа шыға алады. Одан кейін бұрын 90 адам мұнда жұмыс істесе, қазір 120 адам жұмыс істейді. Бір-бірімен араласады. Балалар үшін жаңа қандай тақпақтар айтып жатыр. Қандай өлең айтып жатыр. Көңілдері жақсы. Барлық жағдай жасалған.

Мемлекет басшысы Халыққа Жолдауында  әлеуметтік салаға басымдық берген болатын. Сал ауруына шалдыққан балаларды оңалту орталықтарының санын арттыру міндетін қойды.  Ертіс өңірінде  осы  бағыттағы жұмыстар   жалғасып жатыр. Жылдың аяғына дейін өңірде екі бірдей студенттік жатақхана мен заманауи жабдықталған онкологиялық диспансердің құрылысы аяқталады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы