389,38 430,50 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысында тұрмыстық зорлық-зомбылық тыйылмай тұр

  • 170
  • UPD: 21:00, 18.10.2019

Биылғы 9 айдың өзінде құқық қорғау органдары осындай 869 құқық бұзушылық пен 10 қылмыстық іс тіркеген.

Орталықты пана тұтып келген мына келіншек өзін таныстырып, жүзін көрсетуден бірден бас тартты. Ол «күйеуім тауып ала ма» деп қауіптенеді. Кейіпкер өзге өңірден үй-жайын тастап, 5 баласымен бірге қашып келген. Айтуынша, жолдасы ішімдікке салынып, 15 жыл бойы ұрып-соғып, қорлық көрсетіпті. 

Орталық тұрғыны:

- Қазір қашып кетесің деп, есікті іліп алып сабаған күндер болды. Төрт баламды төрт бұрышқа қойып, сабаған күндер болды. «Аналарыңды пышақпен бауыздайын ба? Әлде балтамен басын шабайын ба» деп. Сол кезде кішкентай бесіншім қыз ғой. 4 ұл. Қызым барып, папасының аяғына жығылды. Шыдап, шыдап осы уақытқа дейін түсінер, түсінер деп, 15 жылдан бері жөнге түспеген соң қаштым. 

Қазір бұл мекемеде осындай бас сауғалап келген 5 келіншек 15 баламен тұрып жатыр. Биыл жыл басынан бері 138 адам көмекке жүгініпті. Олардың басым көпшілігі Байзақ пен Қордай аудандарынан келген.  Жалпы мұнда соңғы 5 жылда 600-ге жуық адамға қызмет көрсетілген. Оның 391-і бала.  

Жамал Қалыбекова, облыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының директоры:

- Бізге келген әйелдердің 60 проценті отбасына қосылады. Қосылмайтындары да бар. Сол қосылмайтындарына жұмыспен қамтуға, еңбекке баулимыз осы жерде. Әйтпесе оларды жұмысқа тұрғызамыз. Отбасына оралмағаннан кейін өздерінің өмір сүріп кетуі үшін көмектесеміз. 

Әйелдер мұнда өз-өзіне келгенше 1 айдан 6 айға дейін тұруларына болады. Оларға психологиялық, құқықтық әлеуметтік жәрдем жағынан 8 түрлі қызмет көрсетіледі. Жалпы құқық қорғау органдарының мәліметінше әйелге зорлық-зомбылық көрсету дерегі біршама азайған. Алайда статистика ауыз толтырып айтарлықтай емес. 

Ақмарал Жанысова, облыстық ПД Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы:

- Әкімшілік құқық бұзушылық болса 10 тәулікке дейін алады. 1,2,3 тәулік соттың шешімімен 10 тәулікке дейін. Одан қылмыстық іс болса 3-4 жыл беруі мүмкін. Көбінесе ауылды жерлерде полиция қызметкерлерін шақырады дағы сотқа бармаймыз деп көп қыз-келіншектер сөйтіп арыз жазудан бас тартады. Енді ол жағдайда біз Қорғау нұсқамаларын қоямыз.

Қазір әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобы түсіндіру, алдын алу шараларына мықтап кірістік деп отыр. Бүгінгі күнге дейін 50 ауылды аралап, 1 мыңға жуық кездесу өткізген. Әйелдерге қоқан-лоққы көрсеткен 3600-ге жуық адам есепке алыныпты. Олар мұндай әрекетке тағы барып, жәбір көрсетуін тоқтатпаса іс сотқа жолданады. 

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы