385,01 426,40 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтаудағы дағдарыс орталығы 300-ге жуық қыз-келіншекке пана болды

  • 160
  • UPD: 21:02, 18.10.2019

Ақтаудағы дағдарыс орталығы бүгінге дейін 300-дей қыз-келіншек пен жүзден астам балаға уақытша пана болды.

Әлеуметтік жобаны 2016-шы жылы үкіметтік емес ұйым жетекшісі, психолог Райхан Бекманова қолға алған еді. Бұл орталықта қазіргі сәтте үш ана мен бес сәби тұрып жатыр. Олардың алаңсыз өмір сүруіне барлық жағдай бар. Тіпті орталықта шағын өндіріс орны ашылған. Енді аналар балаларынан алысқа ұзамайтын болды. 

Жақынынан зәбір көргендерге арналған орталыққа айына отыздан астам адам хабарласады. Оларға уақытша жатын орны беріліп, заңгерлік әрі психологиялық қызмет тегін көрсетіледі. Жеке басы мен сәбиінің құжатын рәсімдеп, жаңа өмір бастауына жағдай жасалады. Перзентін жалғыз қалдырғысы келмейтіндер ғимарат ішіндегі лағман-тұшпара әзірлеу цехына жұмысқа тұра алады.

Мадина, дағдарыс орталығының тұрғыны:

- Ережеге сәйкес балалы әйелдер мұнда алты айға дейін қалуына болады екен. Аяғыма тұрып кеткенімше бұл уақытты ұзартуға болары да қуантып отыр. Осы орталықта уақытша тұруға бөлме берілді. Заңгерлер құжаттарымды рәсімдеуге көмектесті. Ас үйде лағман созып, тұшпара пісіргенімше балаларым көз алдымда жүреді. Өз басыма жетерлік жалақы аламын. 

Орталықтың балаларға арналған бөлмелері озық үлгідегі ойын құралдарымен жабдықталған. Олардың түрлі түсте болуы тегін емес. Бөлме іші ашық жасылмен сырлануы сәбидің бейтаныс жерде бойын еркін ұстауына әсер етеді екен.

- Қалай қостың ба барлығын? Мына жерде біреуі жетпей тұр, ия?

- Ия!

Дағдарыс орталығы үш жыл бұрын қазақстандық қордың қаражат бөлуімен 23-шағын ауданда ашылды. Штатта психолог, заңгер мен әлеуметтік қызметкерлер бар. Жоба авторы енді осы жерде сұлулық салонын ашуды ойлап жүр. Оған жұмысқа тұрудан бұрын орталық тұрғындары алдымен тегін кәсіптік дәрістерге қатысады.      

Райхан Бекманова, дағдарыс орталығының директоры:

- Бізге ғимаратты жалға берген кәсіпкермен келіссөздер жүріп жатыр. Жуық арада әлеуметтік сән салонын ашуға жұмыстанып келемін. Ол жерде халыққа қолжетімді бағада қызмет көрсетіледі. Жақынына зәбір көріп, үйінен кетуден басқа амалы қалмаған әйелдердің мұңын терең түсінемін. Өйткені мұндай қиын кезең өз басымнан да өтті. 

Түсінгеніміз: өз алдына табыс табуға ынталы қыз-келіншек мұнда жұмыссыз қалмайды. Орталық мамандары шаштараз, аспаздық өнерден бөлек тігіншілік пен компьютерлік сауат ашу курстарына да жолдама беруге әзір. Кейін мамандығына сәйкес тұрақты қызмет табуына қол ұшын созады.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Сұңғат Төлебаев

Хабар 24 телеарнасы