385,01 426,40 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Қазақтелеком» АҚ мен ҚДБ әріптестік туралы келісті

  • 152
  • UPD: 23:48, 18.10.2019

«Қазақтелеком» акционерлік қоғамы Қазақстанның Даму банкінен 27 миллиард 600 млн теңге несие алды. Бұл қаражат еліміздегі елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуге жұмсалады. Тараптар мемлекет пен жекеменшік әріптестігі жөніндегі келісім-шартқа қол қойды.

Шалғайдағы елдімекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамту – «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының маңызды бағыттарының бірі. Міне осы міндетті орындау үшін «Қазақтелеком» Қазақстанның даму банкімен несиелік желі жөнінде келісімге келді. Сондай-ақ акционерлік қоғам бұл мақсатқа тағы 31 миллиард теңге бөлуді жоспарлап отыр. 

Қуанышбек Есекеев, «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы:

- Ауылдық жерлерді цифрландыру – стратегиялық міндет. Бұл қала мен ауыл тұрғындарының ақпаратқа қолжетімділігін теңестіруге мүмкіндік береді. Жобаның мақсаты 828 елді мекенді кеңжолақты интернетке қосу. Оны жүзеге асыру халықтың цифрлық сауаттылығын арттырады. 

Жобаның арқасында еліміздің түкпір-түкпіріндегі 2 миллион 500 мың адам интернеттің игілігін көреді. Ал келесі жылдың соңына дейін 15 мың шақырым талшықты-оптикалық желінің құрылысы аяқталады. Қазір мұндай желіге Алматы, Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды және тағы бірнеше облыстағы мемлекеттік мекемелер қосылған. 

Айдар Әріпханов, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасы:

- Біз халқының саны 500-ден асатын ауылдарға интернет тартуға мүмкіндік беретін маңызды жобаға қатысып отырмыз. Бұл елдімекендерде мектеп, аурухана және басқа әлеуметтік нысандар бар. Интернет халықтың өмірін жеңілдете түсер еді. 

Жобаның тағы бір мақсаты – электронды қызмет түрлерінің үлесін арттыру. 2022 жылға дейін бұл көрсеткішті 80 процентке дейін жеткізу жоспарда бар. Жалпы, бұл кезеңде қазақстандықтардың 82 проценті интернетке қосылуы тиіс.

Авторлары: Нұршапағат Несіпбаев, Ерлан Наурызбаев

Хабар 24 телеарнасы