387,14 428,20 6.07
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оралдың жылу желілерін жаңартуға қомақты қаражат қажет

  • 140
  • UPD: 23:44, 18.10.2019

Оралда жылыту маусымы басталды, коммуналдық сала қысқа тас-түйін дайын. Бірақ ескі құбыр атаулы бүгін сау тұрғанмен ертең жарылмасына ешкім кепілдік бере алмайды. Жалпы тозығы жеткен желілерді жаңғыртуға миллиардтаған қаржы қажет. Бір ғана кәріз құбырларын ауыстыру құны 3 жарым миллиард теңгеден асады.

Орал мен Ақсай қаласындағы 1300 көпқабатты үйдің барлығы да алдағы қысқа сақадай сай. Жөндеу жұмыстары уақтылы аяқталып, барлық әлеуметтік нысан жылумен қамтылды. Қатты және сұйық отын қоры да жеткілікті жиналған. 

Күре жолдың бойындағы мына кәріздік сорғы стансасында қазір жаңғырту жұмыстары аяқтала келді. 10 жыл бұрын дәл осы тұсқа төселген әйнек пластик құбырлар қатты қысымға шыдас бермей, әр жерінен жарылған еді. Әзірге 2 жарым шақырымдай жерге құбыр төселді. Әлі 15 шақырымды жаңғырту қажет,- дейді сала мамандары.  

Талғат Мүсілімов, су жеткізуші компанияның кәріз желілері қызметінің басшысы: 

- Бұл учаскеде 18 рет осы биылдықа авария болды, тұрбалар жарылды. Оның ішінде 15 рет құбыр жарылып и 3 рет камерада құбырлар жарылды. Ал қазіргі салынып жатқан полиэтиленнен салып жатыр. Стеклопласт біздің кәрізге жарамайды екен, өйткені 2009-дан бері 10 жылдың ішінде қабырғалары шытынап нагрузкаға шыдамай содан жарылып жатыр.   

Оралдағы жылу электр станциясы осыдан 60 жыл бұрын салынған. Қазір бұл орталықтағы қондырғылардың да әбден тозығы жетіп тұр. Жыл сайын жылу қазандықтарына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Бірақ, бұдан еш пайда жоқ,- дейді кәсіпорын басшылары. 

Қуат Мусин, жылу жеткізуші компанияның бас директоры:

- Бүгінгі күнге бізде 2 сметамызды әзірлеп отырмыз. Қазір сараптамаға тапсырылған 505 миллиард 800 миллион теңгеге. Бұл жаңадан құрылатын тағы бір турбиналық станциямыз және   суды қайта өзенге тастамай оны қайтарып екінші циклға жіберу үшін. 

Бұл 2 жобаның жалпы құны 6 миллиард теңгеге жуықтайды. Айта кету керек, аймақтағы инженерлік желілерді толықтай жаңғырту қажет. Нақтырақ айтар болсақ, су құбырларының 63 проценті, кәріз жүйелерінің 67, ал электр желілерінің 79 проценті жаңартуды талап етеді. 

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы