420,31 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Өскемендегі наубайхана нан бағасын көтеруге мәжбүр

  • 1068
  • UPD: 12:43, 19.10.2019

Өскемендегі танымал наубайханалардың бірі нан бағасын 5 теңгеге өсірді.

Бұған ұнның қымбаттауы ықпал еткен. Әйтпеген жағдайда өндірістің тұралап шығынға батуы әбден ықтимал, дейді зауыт өкілдері. Сондықтан 60-тан астам адам еңбек етіп отырған мекеме жұмысын жандандырып, өндіріс қарқынын кемітпеу үшін бағаны жоғарлатуға тура келген.

Өскеменде осыдан 15 жыл бұрын 44 наубайхана болған. Қазір соның 6-7-уі ғана жұмыс істеп тұр. Солардың бірі – Защита ауданында орналасқан осы зауыт. Заман талабынан қалыспай жабдықтарын жаңартып, өнімдерін арттырып келеді. Қалалықтарға бірнеше нан түрін ұсынып отыр. Алайда жақында басты өнімнің бағасын 90 теңгеден 95 теңгеге жоғарлатуға мәжбүр болды. Өйткені қордағы ұн таусылған, ал жаңадан түскенінің бағасы шарықтап кетті.

Раушан Кенетбаева, наубайхананың коммерциялық директоры:

– Стратегиялық маңызы жоғары өнім болса да бағасын өсіруге тура келіп отыр, өйткені бидай мен ұн бағасы да өсті.Соңғы 12 айың ішінде ұн 62 теңгеден 105 теңгеге дейін қымбатттады. Осындай өзгерістер болып жатқанда нанды бір ғана бағамен ұстап тұру мүмкін емес. Өйткені әлеуметтік нан деген ұғым бар болғанмен, әлеуметтік бидай деген нұсқа бізде қарастырылмаған.

Осында 17 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Жұлдыз Айымқожанованың қолынан күніне 8-9 мың бөлке нан өтеді. Жұмыс ауыр әрі жауапты. Дүкеннен нан сатып алған әрбір адам бұл еңбектің қадірін түсіне бермейді, дейді ол.

Жұлдыз Айымқожанова, ауысым бригадирі:

– Сағат 8.40-та жұмыс басталады,6.30-да келеміз. Алты жарымнан кешкі 7-ге дейін осы жерде тұрамыз. Өз жұмысыңды бағалай білу керек, төзімділік керек.

Наубайхананың өз диірмені болса да, нанның сапасын жоғалтпауы үшін қордасы көп ұн ұстамаймыз, дейді. Сондықтан алғашқылардың бірі болып қымбат бидайға ұрынып отыр. Мұны сарапшылдар да мойындайды.Елде бидай өткен жылғыдан аз шыққанынан хабардар диқандар, қамбадағы астығын әлі де қымбат бағаға өткізіп қалам ба деп ұстап отыр. Осының салдарынан қымбатшылық туындаған. Дегенмен биыл жалпы елде 19 миллион тоннадан астам астық жиналды. Бұл көрсеткіш те жаман емес. Сондықтан бидай мен ұн бағасын өсіруге негіз жоқ, дейді мамандар.

Владимир Гайламазян, облыстық ауылшаруашылық басқармасы бастығының м.а:

– Барлығы астық жетпей қалады деп күтіп отыр. Соның салдарынан бәрі де қымбаттайды деп ойлайды. Бұл азық түлік корпорациясының саясатына да әсер етті. Қыркүйек айының басында ғана корпорация шаруалардан астықты шексіз мөлшерде бір келісін 62 теңдеген сатып алуға әзірміз деді. Алайда 3 апта уақыт өтпей жатып, оның құнын бірден 10 теңгеге өсірді.

Шығыс Қазақстанның өзінде биыл қамбаға 900 мың тонна дәнді дақыл жиналды. Бұл өткен жылғыдан 120 мың тоннаға артық. Яғни аймақ қажеттілігінен 2 есе көп. Сондықтан астықтан тапшылық болар деп күтуге ешқандай негіз жоқ, дейді сарапшылар. Айта кету керек, өңірде әлеуметтік нан бағасы әзірге 75 теңгеден өскен жоқ.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Аслан Төлепов

Хабар 24 телеарнасы