388,62 430,50 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бейбіт күннің батырлары

  • 204
  • UPD: 12:44, 19.10.2019

19 қазан – елімізде құтқарушылар күні.

Бұл салада, әсіресе өрт сөндірушілердің еңбегі ерен. Күн сайын өлім мен өмірдің арасында арпалысып жүрген жандардың құрал-саймандары қашанда сақадай сай, дайындықтары жоғары болуы тиіс. Дәл осындай бейбіт күннің батырлары Шымкент қаласындағы төтенше жағдайлар департаментінде де жетерлік. Өз ісінің маманы атанған Бексұлтан Ибадулла мен Жұмағали Құдайбергенов жуырда Мемлекет басшысының қолынан «Ерлігі үшін» медалін кеудеге таққан болатын.

Бұл - Жұмағали Рахымұлының күнделікті жұмысы. Аға өрт сөндірушімен сұхбаттасуға келгенімізде, оның жедел шақырылымға шыққалы тұрған дайындығының үстінен түстік. Біз де өрт сөндірушілермен бірге оқиға болған жерге аттандық. Шаһардағы Жиделібайсын көшесінде орналасқан жеке үйлердің бірінде мал азығы тұратын сарай қызыл жалынға ораныпты. Азаматтық қорғау аға сержанты Жұмағали Құдайбергенов бастаған өрт сөндіру жасағының жігіттері тілсіз жауды әп сәтте сөндірді.

Тәулік бойы, кейде апталап жұмысында болатын Жұмағали азаматтық қорғау органдарында 2005 жылдан бері еңбек етіп келеді. Арыс қаласында болған жарылыс кезінде аға өрт сөндіруші ерен ерлігімен көзге түсті. Ол шағын шаһардан Ақдала ауылындағы қауіпсіз аумаққа 35-ке жуық адамды көшірген.

Жұмағали Құдайбергенов, қалалық ТЖД аға өрт сөндірушісі:

– Біз Арыс қаласына кіріп жатсақ, халық Арыстан сыртқа қарай шығып жатыр екен. Үйлерді өшіріп жатқанымызда, екінші жарылыс болды. Екінші жарылыстан кейін біз шыға алмай қалған адамдарды құтқаруға кірістік.

Адамдардың өмірін құтқару кезіндегі батылдығы және табандылығы үшін Жұмағалиға Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасы табыс етілді.  Бексұлтан Миятұлының да ерлігін Арыстық тұрғындар әлі ұмыта қойған жоқ. Ол мұнда анаға да, балаға да, қарт пен жасқа да өз көмегін аямай,   күн-түн демей, басқа да өрт сөндірушілермен бірге қызмет етті.

Бексұлтан Ибадулла, Аманбек Бейсенбаев, «өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» аға инженері:

- Ол кезде «ВАХТА» камаз автокөлігімен қала сыртынан 45 тей нәресте, 35 ересек адамды алып қала сыртынан қауіпсіз аймаққа көшірдік. Құтқарушы деген антына адал, өзінің міндетін білетін тәжірибелі маман болуы керек. 

«Антқа адалдық ардың ісі».  Бексұлтан мен Жұмағалиды әріптестері айрықша құрметтейді. Ал жастардың мұндай бастамаларына аға буынның ықыласы ерекше.

Аманбек Бейсенбаев, «өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ басшысы:

– Бірінші кезекте біздің жұмысымыз – адамдардың өмірін құтқару. Сосын барып материалдық құндылықтарды құтқару. Жалпы Шымкент қаласында биылғы жылы 2 қызметкер «Ерлігі үшін» медалін алып, қазіргі таңда олар қызметкерлердің арасында да абыройлы. Жақсы қызметкерлер деп айтып өткім келеді.

Құтқарушылардың кәсіби мерекесіне орай қалада қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Ерлікпен мерт болған кәсіби мамандардың есімдері ел есінде сақталмақ. 

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы