376,72 406,00 5,86

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Талдықорғандық жалғызбасты кейуана өзін құтқарған төтенше жағдай қызметкеріне алғыс жаудырды

  • 313
  • UPD: 12:41, 19.10.2019

Жыл басынан бері Алматы облысының төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері 3600 ден аса шұғыл шақыртуға шыққан.

Оқиға орнына жеткен құтқарушылар суға батқан, күйік шалған, өзге де апатқа ұшыраған 300 адамды құтқарған. Сондай оқиғалардың бірі биыл Талдықорғанда болды.

Қала орталығындағы мына үй наурыз айында өртеніп, қызыл жалын құрсауында қалған еді. Сол кезде төртінші қабатта тұратын Татяна Адлер қою түтінге тұншығып, шарасыз күйде отырыпты. Ащы күйіктің иісі қолқаны қауып, тынысы тарыла бастағанда, өрт сөндірушілер келіп құтқарған. Жалғызбасты ана басынан өткен қиын сәтті әлі де қорқынышпен еске алады. 

Татяна Адлер, қала тұрғыны:

– Терезені ашсам, будақтаған қара түтін кіре бастады, бірден жаптым. Үйдің өртеніп жатқаны туралы жүре алмайтынымды білетін көршілер де айтпады. Өздері сыртқа қарай қаша жөнелген. Далаға шыға алмасымды білген соң есік-терезені жауып, қорқынышта отырдым. Егер құтқарушылар болмағанда қайтыс болып кетер едім. Оларға көп көп рақмет айтам.

Бала-шағасы шетел асып, жалғыз қалған кейуана еңбектеп жүреді. Соған қарамастан, өзін құтқарған ең қадірлі қонағын шақырып ілтипатын білдірді. Айдын Дәкеров оқыс оқиға болған күні жеке құраммен бірге 30 шақты тұрғынды эвакуациялапты. Содан кейін тағы 2 адамды қауіпсіз жерге алып шыққан.  

Айдын Дәкеров, қалалық №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі:

– Үшінші қабаттан ағаны алып шықтық. Төртінші қабатта жүре алмайтын апа болатын. Есігін қағып едім, еңбектеп ашты. Арқама салып, алып шықтық.

Айдын Дәкеров адам құтқарғанын ерлікке баламайды, өзіме жүктелген міндетім деп біледі. Өз ісінің нағыз шебері төтенше жағдайлар саласында 2004 жылдан бері қызмет етіп келеді. Осы уақыт аралығында жеке құраммен бірге 10 шақты адамның өмірін ажалдан арашалап қалған екен.   

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы