412,55 465,50 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Көкшетау тұрғыны көп қабатты үйлердің қабырғасына суретті тегін салады

  • 501
  • UPD: 12:49, 20.10.2019

Көкшетаулық Анна Гевленко бірнеше жылдан бері өзі тұратын көп қабатты үйді әрлеп-әсемдеумен тегін айналысып келеді. Нақтырақ айтсақ, баспалдақ алаңқайындағы қабырғаға түрлі сурет салып, тұрғындардың көңіліне қуаныш сыйлап отыр. Бұл менің сүйікті ісім - дейді суретші келіншек.

Дамир Берікұлы, тілші:

- Біз қазір Абылайхан даңғылындағы №15 үйге келіп тұрмыз. Ал Аннаның өнер туындылары осы үйдегі кіреберістен басталады. Мәселен, мына көбелекті ол, осыдан тура екі жыл бұрын салған. Содан бері осы үйдің ішінің барлығын әсемдеуді ол қызу кірісіп кеткен. Қазір оны өз көзімізбен көреміз.

 Иә, Аннаның шабыты шарықтап, қабырғаға сурет салуға деген қызығушылығы декреттік демалыс кезінде басталған. Университетті сурет пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірген келіншек, ұстаз болып қызмет етпесе де, бала кезінен бастап қолынан қылқалам түспепті. Айтуынша, ата-анасы да әуесқой суретші болған. Аннаның бұл өнерге деген құштарлығы соншалық, ол үйдегі қабырғалардың көбін өзі қайта өңдеген. 

Анна Гевленко, қала тұрғыны:

- Мына қабырғалардың барлығын өзім дайындадым. Ескі сылағын түсіріп тастап, қайтадан жақсылап сылап шықтым. Әйтпесе, суретің біраз уақыттан соң зая кетеді. Сурет салсам, жаным рахаттанады. Қыздарымның сәби кезінде оларды ұйықтатып тастап, қолыма қалам алып дәлізге шығатынмын. Солай тіпті кейбір картиналарды жарты жылдай салғаным бар.

Анна қазір қыздарын да осы өнерге баулып жүр. Олардың да қызығушылығы жоқ емес. Тіпті, көршілерінің қыздары да оған еліктей бастаған. Жалпы, аталған үйдің тұрғындары суретші келіншекке дән риза. 

Камаледин Кохоров, қала тұрғыны:

- Мен бұған дейін басқа үйде тұрғанмын. Ал мұнда көшіп келгеніме бір жылдан асты. Ең бірінші рет Аняның суреттерін көргенде қатты таңқалдым. Ал қазір күн сайын көріп жүрсек те, көз қуанады, көңіліміз жәй табады. Ол барлық көршілерімізге ерекше сый жасап отыр. 

Кейіпкеріміз «менің ең үлкен арманым, бірінші қабаттан бастап, тоғызыншы қабатқа дейін «Бауырсақ» ертегісінің желісі бойынша ондағы картиналарды толықтай салып шығу», - дейді. Бірақ оған қомақты қаржы мен көп уақыт қажет.  

Анна Гевленко, қала тұрғыны:

- Егер суреттердің бәрін мына секілді акрилмен салсам, ол өте қымбатқа шығады. Сол үшін түрлі жолдарын қарастырып жатырмын. Бір жолы эмульсия мен колерді араластырып та көрдім. Бірақ, адамдар оны қолмен ұстап, бүлдіріп тастайды екен. Тұрғындар жиналып, қабырғаларды жақсылап сылап, мықты бояулар сатып алуға көмектессе, осы үйдің барлық жеріне сурет салып беруге дайынмын. 

Аннаның осындай өнері бар екенін әлеуметтік желі арқылы білген кәсіпкерлерден қазір тапсырыстар түсе бастаған. Ол бұған қатты қуанады. Алайда, бұл сала бізде жақсы дамымағандықтан, сурет өнерінің қадіріне жетіп, лайықты бағалай білетіндер жоқтың қасы дейді, ол. 

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы