387,14 428,20 6.07
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жезқазғанда 200 тұрғын үй және бір білім ошағы жылусыз қалуы мүмкін

  • 183
  • UPD: 22:45, 21.10.2019

Жезқазған қаласындағы №9 мектеп пен 200 үй қыстың көзі қырауда жылусыз қалуы мүмкін. Себебі магистральдың жарты шақырымдық бөлігі әбден тозған.

Құбырдың шіріп кеткені соншалық, әр жерден тесіліп, жұртты әбігерге салып отыр. Мысты шаһардағы «Бекболат сай» ықшам ауданының тұрғындары бұл мәселені талай жылдан бері көтеріп келеді. Алайда нәтиже жоқ. Шарасыз халықтың жанайқайын өңірдегі тілшіміз Ардақ Асылханұлы тыңдап қайтты.

Жезқазған қаласының «Бекболат сай» ықшам ауданындағы 200 үй мен №9 мектеп жылуды дәл осы құбырдан алады. Алайда 30 жыл бойы қараусыз жатқан 500 метр құбыр бүгінде әбден шіріп кеткен. Қысым сәл көтерілсе жарылып, жұртты әбігерге салады екен. Ал тұрғындар жылудың ақшасын осы күнге дейін үздіксіз төлеп келе жатқандарын айтады.

Қызғалдақ Қадірсізова, Жезқазған қаласының тұрғыны:

- Неше жыл болды, жанайқайымызды ешкім естімейді. Безхозный труба деп не акимат қарамайды, не ПТВС қарамайды. Қыс бойы осы жерде үйіміз жанымызда болған соң су алады, көшені су алады, үйлерге су кетеді. ЧС шақыртамыз, ПТВС-тен шақыртамыз. Өзіміз көше жабылып, чопик қағамыз, әр жерін бітейміз.

Талдығали Сенбин, Жезқазған қаласының тұрғыны:

- Жылуға сеніп, үйдің ішіндегі пештерді түгел алып тастағанбыз ғой. Кейінгі жағдаймен салынған, ешкімде пеш жоқ. Тоңсақ тоқ қосамыз, ол кейде көтереді, кейде көтермейді, қалтаға ұрады тағы да.

Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, құбыр осыдан бірер жыл бұрын ғана коммуналдық меншікке алынған. Қазір оны «жылумен, сумен қамту мекемесінің» қарамағына өткізіп жатыр. Енді құжат рәсімделген соң, солар жаңартуы тиіс.

Қуанышбек Сансызбаев, Жезқазған қаласы ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Биылғы жылы біз енді ол 159-шы трубаны айырбастаймыз деп пландаған болатынбыз. Сатып алу конкурстық рәсімдердің созылуына байланысты біз шамалы жылыту маусымынан кешігіп қалдық. Сол себепті материалдарды, бәрін тауып беріп, дүйсенбіден бастап жылумен, сумен қамту мекемесі бізге көмектесіп, айырбастап береміз деп отыр.

Жауапты мекеме құбырды дүйсенбі күні айырбастаймыз деп ант-су ішкенімен, жергілікті тұрғындар жұмыстың әлі басталмағанын айтып отыр. Бүгінде Жезқазғанда тек жылу ғана емес, ауызсу құбырының да әбден тозығы жеткен, шамамен 70 процентін жаңарту керек. Мәселен, Бөкейханов көшесіндегі мына 7-ші үй көлкіген судың кесірінен құлауға айналған. Қожайыны Жасұлан Малгелдиннің айтуынша, бұл маңда жерасты құбыры жарылыпты. 

Жасұлан Малгелдин, Жезқазған қаласының тұрғыны:

- Сол жердің астынан пролив бар, сол су мына менің үйімнің астынан шығып жатыр. ПТВС-қа, акиматқа айтсақ, олар айтады жердің бетіне шықпай, біз оған жауап бермейміз, - деп. Бірақ 1-2 күн су болмаса қалада мына судың деңгейі түсіп кетеді.

Әкімдік мамандары бұл мәселеден хабардар. Бірақ ескі құбырдың жарылған жерін табу мұң болып тұр, - дейді олар. Айтуларынша, ол үшін екі шақырым жерді қазу керек екен. Сондықтан судың қашан тоқтайтыны белгісіз. 

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин

Хабар 24 телеарнасы