388,07 428,20 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жапония елімізге инвестиция құю жөнінен жетінші орында тұр

  • 176
  • UPD: 20:48, 21.10.2019

Отыз жыл бойы билікте отырған император Акихито тақтан түсіп, билікті өзінің ұлы Нарухитоға тапсырған болатын. Көзі тірісінде тақтан түсу Жапония тарихында бұдан екі ғасыр бұрын болған.

Акихитоның дәуірін жергілікті жұрт Хейсэй, яғни бейбіт өмір деп атайды. Нарухитоның заманы рейва тамаша үйлесімділік  деп сипатталып отыр. 

Дархан Әбдуахит, тілші:

- Ертең жапон халқы үшін тарихи күн.  Император Нарухитоның таққа отыру салтанатына әлемнің әр түкпірінен мәртебелі меймандар келіп жатыр. Ұлықтау рәсімі қарсаңында ұсақ қылмыс жасағандарға рақымшылық жасалды. Шамамен 550 мыңнан астам адам бостандыққа шығады деп жоспарланған. Император отбасымен байланысты рақымшылық осыдан 26 жыл бұрын болған екен. Әу баста салтанатты жиынмен қатар парад ұйымдастырылуы керек еді. Көшеге мыңдаған адам шығып, император мен оны зайыбы төбесі ашық көлікпен жүріп өтеді деген жоспар кейінге қалдырылды. Себеп жақында болған Хагибис тайфуны, табиғи апат кезінде сексенге жуық адам қаза тапты, жүздеген тұрғын жарақат алды. Сондықтан да шеруді кейінге шегеру жөн деп шешкен жергілікті билік. Таққа отыру рәсімінің салтанатты жиыны  - жапондықтар тағат таппай күткен оқиға. Айта кетейін, император Нарухито мамырдың бірі күні ресми қызметіне кіріскен еді. Осылайша отыз жылдық Хейсей дәуірі Рейва дәуіріне ұласты.

- Императорды ұлықтау рәсіміне жапондықтар өз өмірінде бір рет, көп дегенде екі рет куә болуы мүмкін. Сондықтан бұл өте маңызды іс-шара. Мен Хейсэй дәуірінде дүниеге келдім. Оны мақтан тұтамын. Рейва тек Жапония үшін емес, бүкіл әлем халықтары үшін өзара түсінік дәуірі болады деп үміттенемін. 

- Әрине тұтас халық үшін бұл маңызды оқиға. Акихито тұсында көп жақсылық істелді. Оның тақтан түсу туралы шешіміне құрметпен қарадық. Жаңа император да сыйлы. Өз халқына әркез қамқор болады деп ойлаймын. 

Ертеңгі таққа отыру рәсімі жергілікті уақыт бойынша сағат түскі бірде басталады. Шараның өзі жарты сағатқа созылады. Салтанатты жиынға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысады. Қазір Қазақстан мен Жапония стратегиялық әріптес, ал әріптестікті осындай деңгейге жеткізу Елбасы мен император Акихитоның тұсында мүмкін болды. 1994 жылғы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жапонияға  алғашқы ресми сапары  - көпжақты әріптестіктің негізін қалады. 

Содан бері жыл сайын байланыс дамып келеді.  2016 жылғы Елбасының Токиоға сапары да ерекше болды. Сол кезде тақта отырған император Акихитомен жеке жүздескен еді. 

Ал 2008 жылғы сапарда да кездесу өткізіп, Жапонияның ең үлкен атағы Үлкен лентадағы хризантема орденмен марапаттады. 

Ерлан Баударбек–Қожатаев, Қазақстан Республикасының Жапониядағы Елшісі:

- Елбасының бұл рәсімге қатысуы – Қазақстан мен Жапония арасындағы байланыстың мығым екенін аңғартады. Нұрсұлтан Назарбаевтың 2016 жылғы сапары екі жақты ынтымақтастықты кеңейтілген стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерді. Елімізге келген шетелдік инвестиция бойынша алатын болсақ, Жапония  жетінші орында тұр. Ал өткен жылы өзара тауар айналымы рекордттық 2 млрд долларға жетті.

Дархан Әбдуахит, тілші:

- Сонымен ертең жапон халқы өзінің 126-императорын таққа отырғызады. Бұл жүйенің тарихы тереңде жатыр. Елдің өткенімен ғана емес, тұтас болмыс-бітімімен біте қайнасқан императорлық жүйе жапон таным-түсінігінің қадірлісі. 

Авторлары: Дархан Әбдуахит, Еділ Ермекбаев, Айдос Ентебеков

Хабар 24 телеарнасы