388,07 428,20 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысында «Бастау бизнес» курсынан өткен ана кәсіп ашты

  • 141
  • UPD: 21:47, 21.10.2019

Қостанай облысы бойынша атаулы әлеуметтік көмекке он бір мыңнан астам отбасы ие. Осыдан бірнеше ай бұрын Лисаков қаласының тұрғыны Әсем Қабжанова төлемақыға ие болған. Енді көп балалы отбасы мемлекет қолдауына мұқтаж емес. Әсем «Бастау бизнес» бойынша курстардан өтіп, кәсіпкерлікті меңгерген. Қазір төрт баланың анасы өз ісін ашып та үлгерді.

Әсем Қабжанова инемен жастайынан дос. Тігіншілікті өз қызығушылығымен меңгерген. Қазір үйде отырып балалар киімдерін тігеді. Сүйікті ісін табыс көзіне айналдырғанына бір апта болған.     

Әсем Қабжанова, Лисаков қаласының тұрғыны:

- Негізінен тапсырыс бойынша мерекелік сәнді көйлектер, жаңа жылдық киімдер тігемін. Енді спорттық үлгідегі киімдер тігуді қолға алмақпын. Дизайнын өзім жасаймын. Интернет арқылы қажетті мәліметтер іздеймін.   

Көпбалалы анаға өз ісін ашуына «Бастау бизнес» курстары түрткі болған. Ол өз жобасын сәтті қорғап жарты миллион теңге қайтарымсыз қаражатқа ие болды. Қажетті жабдықтар сатып алды. Жеті жасар Замира анасы тіккен киімдерді түрлі мейрамдарда, мектептегі іс-шараларға киіп жүр.

Әсем Қабжанова, Лисаков қаласының тұрғыны:

- Тігіншілікті кәсіп көремін деп ойламаппын. Ол мен үшін ермек еді. Ал мемлекет тарапынан ұйымдастырылған тегін курстар, кәсіпкерлік туралы тренингтерден пайдалы ақпарат алдым. 

Лисаков қаласы бойынша атаулы әлеуметтік көмекке 90 жанұя ие. Ал гранттық қаржыландыру жобасына бір отбасы қатысқан.          

Елена Гузий, Лисаков қаласы жұмыспен қамту орталығының кеңесшісі:

- Олар үш апта бойы кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгереді. Бизнес-тренерлер дәріс оқиды. Белгілі бір идеялар ұсынып, соны жүзеге асыруға қөмектеседі.  

«Еңбек» бағдарламасы бойынша облыс биыл 7 млрд теңгеден астам қаржыны игеруі тиіс. Шамамен 25 мыңдай тұрғынды жұмыспен қамту көзделген. Соның ішінде мыңға жуығы кәсіпкерліктің негізін меңгеріп шығады. 

Авторлары: Данияр Сұлтан, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы