387,09 428,20 6.07
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанайдың іргесінде өркениеттен ада қалған ауыл бар

  • 161
  • UPD: 16:25, 23.10.2019

Қостанай қаласынан 50 шақырым қашықта орналасқан Шишкин ауылында әлі күнге дейін ұялы байланыс жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Ауыз су қаладан тасымалданады. Салынғанына жарты ғасырдан асқан жол да қазір ойдым-ойдым болып, тас-талқаны шыққан. Сондықтан қатынас қиын.

Республикалық маңызға ие тас жолдан бұрылып, Шишкин ауылына баратын жолдың күйі осы. Ойылып, ойран-топыры шыққан. 22 шақырым қашықтықты жеңіл көлікпен бір сағатта жүріп өтуге тура келеді.

Раиса Горганчук, Шишкин ауылының тұрғыны:

- Біз 22 шақырым жердегі Озерныйға бару үшін көлікке 3 мың теңге төлейміз. Облыс орталығына жету үшін 6 мың теңге, аудан орталығына 7 мың теңге беру керек. Өйткені қоғамдық көлік жүрмейді. Оның себебі жол нашар.

Осы ой-шұқыр жол қыста дұрыс аршылмайды, дейді тұрғындар. Ондайда көлік қарға батып далада қалады. Қоңырау шалып, көмек шақыруға ұялы байланыс тағы жоқ. 

Владимир Колесник, Шишкин ауылының тұрғыны:

- Қазір ватсап сияқты байланыс түрлері көп қой. Біз соның бірін білмейміз. Мәселе талай көтерілгенімен, операторлар қосылушылар аз деп, орнатпай қойды. Ауылды неге болашағы жоқ деп танығанын түсінбеймін? Біз де адамбыз, жұмысымыз бар, осында тұрып жатырмыз.

Шишкин бұрын дербес ауылдық округ болған. Былтыр елді мекен болашағы жоқ деп танылды. Ауыл әкімдігі таратылып, Озерный округіне қосылды.

Сағитжан Кәмешов, Шишкин ауылының тұрғыны:

- Перспектива қайдан болады, егер жағдай жасамаса? Бұған халықтың не кінәсі бар? Бұлар көшкенде қайда барады? Үй сатып алу керек қаншама сомаға.

Ауылда су құбыры атымен жоқ. Тіршілік көзін жергілікті шаруашылық қаладан тасиды. Округ әкімінің айтуынша, елді мекенге су құбыры тартылмайды.

Азат Бермұхамедов, Озерный ауылдық округінің әкімі:

- Техникалық құжат дайындалған соң, жолды жөндеуге кететін қаржының көлемі анықталады. Содан кейін ол бюджетке енгізіліп, 2020-2021-жылдары жүзеге асуы тиіс.

Мұның өзінде жол тек орташа жөндеуден өтеді. Ал ұялы байланыс орнату үшін операторлармен келіссөздер жалғаса бермек.

Авторлары: Данияр Сұлтан, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы