389,38 430,50 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Нұр-Сұлтанда орталық 10 және қала сыртындағы 14 көше орташа жөндеуден өтті

  • 129
  • UPD: 16:23, 23.10.2019

Биыл елордада орталық 10 және қала сыртындағы 14 көше орташа жөндеуден өтті, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Жалпы ұзындығы 20 шақырымға жуық жолды қайта қалпына келтіруге 4 миллиард теңге жұмсалды. Мұның сыртында, тағы 7 тұрғын үй алабының инфрақұрылым желілері толық жаңғыртылып жатыр.

Биыл елорданың орталық 10 көшесі жөнделді. Жалпы ұзындығы 13 шақырым жолға жаңа асфальт төселді. Қалаға қарасты елді мекендерге де жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Азамат Қарағозин, қалалық автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:

- Биыл бюджеттен жолдарды орташа және ағымдағы жөндеуге 4 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. 10 орталық көше қайта қалпына келтірілді. Сондай-ақ қала сыртындағы 14 көше жаңғыртылды. Орташа жөндеу көргендерінің жалпы ұзындығы - 5,8 шақырым.

Қала маңындағы елді мекендер үшін тек 5,8 шақырым жолдың жөнделуі аздық етеді. Елордаға қарасты 20 шақты тұрғын үй алабының барын ескерсек, кейбірінің ғана көшелерін талапқа сай деуге болады. Асфальт төселмеген жолдар да бар. Инженерлік желілері де ескіріп тұр.

Азамат Қарағозин қалалық автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:

- 20 тұрғын үй алабының 7-еуі жаңғыртудан өтті. Биыл тағы жетеуіне инженерлік желілерді тартып жатырмыз. Оның ішінде жол салу, кәріз жүйесі және ауыз сумен қамту кіреді. Қалаға қарасты елді мекендерді толық қамтуға қомақты қаржы қажет. Бюджеттен бөлінген ақшаға сай жұмыс істейміз.

Көктал 2, Интернационал, Мичурин, Достық, Оңтүстік-шығыс аудандары және Тілендиев даңғылының бойында жөндеу жұмыстары әлі жүріп жатыр. Сондай-ақ қаладағы ірі құрылыс жобалары жалғасуда. Мәселен, кіші және үлкен айналма жолдарының кейбір бөліктері жыл соңына дейін пайдалануға берілуі тиіс.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы