378,46 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оралда саяжайлардың үштен бірі иесіз жатыр

  • 259
  • UPD: 20:37, 22.10.2019

Қос құрлықтың тоғысы мен үш өзеннің ортасында тұрған Орал қаласының айналасы бау-бақша егуге таптырмайтын-ақ жер.

Бірақ түгін тартсаң май шығатын құнарлы топырақтың мүмкіндігін елеп-екшеп жатқандар аз, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шаһар төңірегінде 25 мыңға жуық саяжай телімі болса, соның үштен бірі игерілмей жатыр.

«Зейнеткер-2» саяжай серіктестігіндегі жер телімдері тұрғындардың сұрауына сәйкес әкімдік қаулысымен 2014 жылы бастап беріліпті. Күні бүгін мұнда 280 саяжай бар. Ақиқатында, бар деген аты ғана. Бау-бақша екпек түгілі, әлі күнге ешкім аумағын айқындап, қоршамаған. Серіктестік төрағасы жер иелерін жиналысқа шақырып, жергілікті телеарна арқылы хабарландыру да беріп көріпті. Нәтиже жоқ.

Берік Сәтиев, «Зейнеткер-2» саяжай серіктестігінің төрағасы:

15-20 бірлестік мүшелері жиналады. Артық кісілер жинай алмадық. Күні бүгін жерімізде жабайы алма ағаштары мен жеміс ағаштары өсіп кеткен, игерілмей жатыр. 2017-2018 жылы қатарынан қалалық әкімшілікке арызданғанбыз, әрі қарай қалай дамытамыз деп көмек сұраған едік. Одан еш нәтиже шыққан жоқ.

Жер телімдерінің игерілмеуі барлық саяжай серіктестіктеріне ортақ проблема. Шаһарда 25 мыңдай саяжай болса, соның 8 мыңы бос жатыр. «Газ жүргізу, сумен, жарықпен қамту ісі, өзге де жұмыстар серіктестік мүшелерінің жарнасына атқарылатындықтан, иесіз телімдер саяжай аумақтарын дамытуға кәдімгідей кедергі болуда», -дейді саяжайшылар.

Андрей Заозеров, бау-бақша және көкөніс өсірушілер қоғамының төрағасы:

- Бос жатқан саяжайдың иесін өзіміз анықтау мүмкін емес. Өйткені бірінің қожайыны көшіп кеткен, енді бірі сатып кеткен, меншік иесі тіркелмеген. Сондықтан бос жерлердің тізімін әкімдікке тапсырамыз. Бірақ олардан да нақты іс-қимыл жоқ, жауап та келмейді. Жалпы тартып алмаса да, иелеріне сол жерді игеруге қозғау салса дұрыс болар еді.

Өз кезегінде қалалық әкімдік қол қусырып қарап отырмағандарын айтады. 2016-2019 жылдар аралығында бос жатқан 126 жер телімі есепке қойылса, соның 121-і иесіз деп танылған, 14-і коммуналдық меншікке қайтарылған. Бірақ оларды қайтадан айналымға енгізуге ауылшаруашылық жерлеріне 2022 жылға дейін жарияланған мораторий қолбайлау болуда.

Серікжан Еркеғали, қалалық жер қатынастары бөлімінің бас маманы:

- Иесін анықтау үшін әділет органдары мен миграция қызметіне сұрау салынады. Көп жағдайда азаматтар көшіп кетіп, азаматтық ауыстырған болып шығады. Ондайда жер мемлекет меншігіне алынады. Біздер қазір қала жерлерінің электронды картасын жасап жатырмыз. Содан кейін жер иелерін анықтау жеңіл болмақ.

Орал қаласының айналасында саяжай белдеуін қалыптастыру, осы арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз туралы аз айтылып жүрген жоқ. Алайда, көп жоспардың қағаз бетінде қалып қоятыны өкінішті.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б.Жарылғасов

Хабар 24 телеарнасы