384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-да көп балалы отбасыларға қамқорлық көрсетіліп жатыр

  • 174
  • UPD: 22:20, 22.10.2019

Шығыс Қазақстан облысы көп балалы отбасыларға қамқорлықты ұлғайтты.

Қайырымдылық қоры арқылы баспана мәселесі шешімін тауып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Атаулы әлеуметтік көмектің сыртында оқушыларды мектепте ыстық тамақпен, киім-кешекпен қамтуға мән беріліп отыр. Өз кәсібін ашып жатқандар да аз емес. Мәселен, тарбағатайлық Бекжан Жұманов несие алып, мал шаруашылығын дамытпақ.

Мүмкіндігі шектеулі бала өсіріп отырған Жаннұр Байоралова аудан орталығына Үштөбе ауылынан көшіп келген. Мұнда оңалту орталығы бар. Алайда баспана мәселесі алдынан шығып, біраз қиналып еді. Бұл туралы өткен жылы құрылған қайырымдылық қор өкілдері естіп, асар әдісімен үй салып берді. Қос пәтерлі баспананың екінші кілті көп балалы ана Мақыпова Жұпарға берілді.

Жаннұр Байоралова, Ақсуат ауылының тұрғыны:

- Өте қатты қуаныштымыз. Қазір балаларым да қатты қуанып жүр. Қызым оңалту орталығына барып, емін алып жатыр, бұрынғыға қарағанда жағдайы жақсарып қалды. Осы баспананы салып берген адамдардың барлығына Алла разы болсын, көп-көп рахмет!

Алмас Ақасұлы, қайырымдылық қор өкілі:

- Комиссия дейді ғой, сол кісілер арқылы қандай отбасыға салыну керек екенін анықтаймыз, тоқтатпаймыз осы жұмысты. Тарбағатай өңірі, Ақсуат ауылы, басқа да аудандарға үлгі болудың, айна болудың арқасында біз осы жұмысты тоқтатпауды жөн санап отырмыз.

Ал Жұмановтар отбасы осыдан 4 жыл бұрын оңтүстік өңірден көшіп келген. Бекжан мен Үрбігүл 5 бала тәрбиелеп отыр. Барлығы да мектеп оқушылары.

Үрбігүл Есалиева, ауыл тұрғыны:

- Баланың санын көбейте беру керек, оның ешқандай артықшылығы жоқ. Бала бірін бірі жетектеп өседі ғой, біріне бірі бауыр, қамқор болып, екі ұлымыз жаздай диқаншылықта осы қарбызды өсіріп, баптап, сатып жинап алғанға дейін қырда жүреді.

Еңбекқор отбасы бұған дейін заңға сәйкес, атаулы әлеуметтік көмек алып келген. Енді ол көмектен өз еріктерімен бас тартып, отағасы ірі жобаны қолға алыпты.

Болат Көкенайұлы, тілші:

- Бекжанның ендігі мақсаты мемлекетке қол жая бермей, өз кәсібін кеңейту. Ол үшін 40 миллион теңге несие алып, Ресейден асылтұқымды ірі қара әкелген. Болашақта мал басын көбейтіп, жаңадан жұмыс орындарын ашпақшы.

Бекжан Жұманов, шаруашылық жетекшісі:

- 65 бас аналық, одан басқа асылтұқымды бұқа алып жатырмыз. Ақ бас тұқымдыны ет бағытымен 15 жылға алдық, 40 миллионды, 2 жыл каникулы бар. 4 %-пен, 14 %, соның 10%-ін Үкімет субсидиялайды. Қазіргі мақсатымыз – аналықты көбейту, бордақылау ол екінші дәрежелі жұмыс. Бірінші аналықты көбейтіп, өсіру.

Кәсібінен нәсіп табуды көздеген отбасы мал шаруашылығынан басқа егіншілікпен айналысуды көздеп отыр. Тіпті жылыжай салсақ деген ниеттері бар. Ал жергілікті әкімдік олардың әр бастамаларына қолдау білдіруге дайын.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы