384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Көкшетаудағы көптеген көпқабатты үйлерде жылу нашар берілуде

  • 151
  • UPD: 23:31, 22.10.2019

Көкшетаулықтар да тұрғын үйлерде жылудың нашарлығын айтып, қынжылып отыр.

Кейінгі бірер күнде күннің суытуы жағдайды тіптен қиындатқан, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Әуелбеков көшесіндегі 148-үйде тұратын Майра Бақытжанова «соңғы 3-4 күн бойы тоңып отырдық», дейді. Тіпті болмаған соң электр жылытқышты қосуға мәжбүр болған. Жас ананың сөзіне сенсек, аталған үйге жылу, басқаларға қарағанда кештеу беріліпті.

Майра Бақытжанова, қала тұрғыны:

- Далада қар жатыр. Үй де салқын. Білмеймін, мынадай кішкентай баламен қалай болады? Кешкісін тіпті салқын. Шомылдыру деген бар. Жарты ақшамызды жарыққа төлесек, ертең білмеймін, енді жылу қалай келетінін. Солай.

Ал жылу батареялары жартылай ғана жылы да, жартылай салқын. Ал, кешегі суықтарда тіпті, мұздап кеткен. Ал, мұндай проблема бәрінде бірдей болмаса да, көптеген үйде бар.

Алла Салик, қала тұрғыны:

Біз міне, мына үйдің бірінші қабатында тұрамыз. Үйде жылы киіммен жүреміз, аяғымызға жүн шұлық киіп аламыз. Ал, әжелеріміз тіпті пима киіп алады. Біз секілді үйде отырып, тоңып отырған тұрғындар өте көп.

Жылуға жауаптылар, мұндай жағдай, көбінесе, алдымен пәтер иелері кооперативтерінің дайындығының нашарлығынан болады деген соң, сонда бас сұқтық. Төрағаның айтуынша, оның қарамағындағы үйлер қысқа әзір. Баспаналарға жылу жетіп тұр. Ал, одан арғысы, тұрғындардың өз мәселесі, - дейді.

Талғат Хамзин, ПИК төрағасы:

Мәселен, батареяларда жартылай ауа болуы мүмкін немесе іші әбден кірлеген шығар. Бізді құбырларды тазалағанда тек негізгілерін ғана тазалаймыз. Ал, пәтердің ішіндегі жылу желілерін тұрғындардың өздері қысқа дайындаулары қажет. Шынын айтсақ, қазір «Көкшетау жылу» мекемесі температуралық режимді сақтап отырған жоқ. Жылу өте нашар беріліп жатыр.

Ал, жылу мекемесінің өкілі болса, «біз қазір жылуды қалыпты мөлшерде, тіпті кейде күн суытқанда артығымен беріп жатырмыз», деп ақталды.

Данияр Ақыбаев, коммуналдық мекеменің бас инженері:

Біз жылуды кестеге сай, сыртқы ауа температурасын ескеріп, дұрыс беріп отырмыз. Ары қарай пәтер иелері кооперативтері жұмыс жасау керек. Құбырлардың ауасын шығарып, жылуды дұрыс қабылдап алатындай жағдай жасаулары қажет. Ал, кейбір үйлерге жылу жақсы таралмады екен деп, отты да қатты жаға алмаймыз. Себебі, қазір гидравликалық реттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Маманның сөзіне сенсек, жылудың әр жерде әрқалай болуына жөндеу жұмыстары да сеп болатын көрінеді. Мәселен, биыл 3-4 жерде жылу магистралі ауыстырылған. Ал, жылуды қосқаннан соң тағы 10 шақты жерден ескі құбырлар сыр беріп, оларды ретке келтіруге де біраз уақыт кетіпті.

Дамир Берікұлы, тілші:

- Жалпы Көкшетауда 850-ден астам көпқабатты тұрғын үй бар. Жылу мекемесі өкілдерінің айтуынша, олардың барлығы дерлік қыстың алдында арнайы сынақтан өткізіліп, дайындалған. Ал, жоғарыда айтылған гидравликалық реттеу жұмыстары әлі бір айдан астам уақытқа созылмақ. Сондықтан тұрғындарға мұндай ыңғайсыздықты әлі біраз бастан кеше тұруға тура келетін секілді.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы