388,62 430,50 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өз Қазақстаныңа жететін жер жоқ – Сириядан оралған келіншек

  • 136
  • UPD: 15:59, 23.10.2019

Діни сауатсыздықтан жапа шеккендер Атыраудағы дағдарыс орталықтарында да бар. Мұндағы қыз-келіншектердің бір бөлігі теріс діни ағымдардың жетегінде кеткендер, тағы бір тобы тұрмыс тауқыметін көтере алмағандар. Өкінішке қарай, барлығы жалғызбасты, көп балалы әйелдер. 

Атыраулық 27 жастағы Мақпал бес жылға жуық өмірін қор қылып Сирияда өткізіп келді. 2015 жылы күйеуінің артынан шариғат іздеп кеткен келіншек биыл көктемде ғана жат жерде көрместі көріп, үш баласымен елге оралды. Ал сеніп барған күйеуінің өлі-тірісі әлі күнге белгісіз. 

Мақпал, қала тұрғыны:

- Ол жақта ешқандай шариғат болған жоқ. Басында жарнама жасағандай интернеттен көрсетіп алдады. Біздің іліміміздің жоғынан алдады. Адасып сол жаққа кетіп қалдық. Барған соң көрдік, ешқандай шариғат, ешқандай әділеттілік болған жоқ. Ирактықтар мен сириялықтар өздері тамақтары тоқ, ақшалы болғанда біз аш отырдық.

Қазір Мақпал жанашыр жандардың қамқорлығында. Дағдарыс орталығы ол секілді қателескен жандарға психологиялық, теологиялық және заңгерлік көмектер көрсетеді. Ақыл-кеңестерін беріп, қоғамнан сырт қалғандарды қайта оралуға бейімдейді.

Александра Певцова, дағдарыс орталығының директоры:

- Біздің орталыққа келгеннен кейін қыз-келіншектерді бір айдай оңалтып, өміріге қайта бейімдеуден өткізіміз. Одан соң туыстарына кетеді. Ал мүлде ешкімі жоқтар осы орталықта тұрып жатыр.   

Дағдарыс орталықтары сондай-ақ шекара асып, қаңғып қалғандар мен әлеуметтік ортадан мүлде қол үзіп қалған жандардың құжаттарын қайта қайта қалпына келтіріп, жұмысқа орналасуына да көмектеседі. Қатты адасып бүгінде қайта үйірін тапқан жандардың айтары біреу ғана.  

Мақпал, қала тұрғыны:

- Кеткісі келетін жастарға, мұсылмандарға айтарым: өзінің Қазақстаныңа жететін жерің жоқ, аспаның ашық, бауырларың, әке-шешең қасыңда. Ол жақта ешқандай шариғат болған жоқ. Біздің қателескеніміз – іліміміз жоқ біздің, қателесіп кеттік ол жаққа.

Бір ғана осы дағдарыс орталығында отызға жуық қыз-келіншек бар. Олардың жартысына көбі теріс діни ағымның құрбандары. Орталық бұл жандарға өмірін қайта бастауға жол ашып отыр. Туған-туыстарымен қайта байланыс орнату, балаларын балабақша мен мектепке орналастыру және өздерін тегін білім курстарында оқытып, қоғамға қайта бейімдеу ісінде осындай орталықтар үлкен көмек көрсетіп отыр.   

Авторлары: Бекен Әлирахым, Темірлан Сұлтанғазы, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы