388,07 428,20 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Талдықорғанда ойын алаңдарын жөндеу жұмыстары мерзімінен кешіктірілді

  • 218
  • UPD: 16:14, 23.10.2019

Талдықорған қалалық әкімдігі шаһардағы 50 шақты ойын алаңын жөндеуді жоспарланған болатын. Бүгінгі күнге дейін соның 10-ы толықтай жаңартылып, пайдалануға берілді. Ал 15-інде құрылыс жұмыстары кестеден кешіктіріліп жатыр. Тіпті кейбір аулалар енді жасала басталғандай әсер қалдырады. 

Аталған нәрселер Қаблиса көшесіндегі 211 үйдің ауласында орнатылуы тиіс еді. Құрылыс жұмыстары жаздың бел ортасында басталса да, ойын алаңының әлі күнге дейін іргетасы құйылып бітпеген.  

Бақытгүл Алтынбаева, қала тұрғыны:

- Ештеңе жоқ. Қыс келе жатыр. Сапасы қалай болады. Өздеріне айтамыз. Бастықтарына айтамыз. Жұмысшылар айтады техника жоқ деп. Ерітінді алып келмейді. Қай ғасырда өмір сүреміз.

Бұл нысан қараша айының 10-ында өткізілуі керек. Уақыт аз қалса да жұмысты жылдамдатып, тезірек бітіруге талпынып жүрген мердігер мекеме өкілі жоқ. Құрылысшылардың өзі де түске дейін төбе көрсетпеді.  

Бағила Байділдәнова, қала тұрғыны:

- Үш адам ғана жұмыс істейді. Біреуі қарап жүреді, екеуі жұмыс істейді. Сондай бола ма? Басында бұлар бізге айтқан бес-алты бригаданы жібере саламыз деп, бір айдың ішінде бәрін жасап береміз деп. Үйдің арты тоғай болып жатыр. Бес метрге дейін төсеніш жасап береміз деген. Оның бәрі жасалған жоқ. 

Бұл ықшам аудандағылар ойын алаңының бітуін асыға тосып жүрсе, Өркениет көшесіндегілердің ауласы жаңартылмағанына 30 жылға жуықтаған. 

Наталья Бабенко, қала тұрғыны:

- Біз бұл үйде 1991 жылдан тұрып келеміз. Мына сырғанақтар сол кезде орнатылған. Содан бері ештеңе өзгермеді. Балаларға ойнайтын жер жоқ. 

Талдықорғанда биыл 50 шақты ойын алаңы күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Соның онында құрылыс жұмыстары аяқталған.

Нұрлан Шаяхметов, қалалық ТҮКШ басшысының міндетін атқарушы:

- 38-дің қазіргі таңда 15 ауласына құрылыс жұмыстары кешіктірілді. Оған назар аударып, қазіргі уақытта жұмысын күшейтуді талап етіп жатырмыз. Сол жердегі жұмыс барысы жақын уақытта қарқын алатын болады. 

Облыс орталығында аулаларды жөндеу жұмыстары 2012 жылдан бері жүргізіліп келеді. 7 жыл ішінде мамандар 100-ге жуық ойын алаңын жаңартыпты.  

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Талдықорғандағы көпқабатты тұрғын үйлердің ауласында 280-нен астам ойын алаңы бар. Қалалық әкімдіктегілер соларды кезең-кезеңімен күрделі жөндеуден өткізіп, алдағы екі жылда жаңартылған нысан санын 77 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл мақсатқа 1 млрд теңге жұмсалмақ.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы