386,68 428,91 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тілеуқабыл Мыңжасар: «Хабар» – өзіндік үні бар, тынысы кең арна

  • 160
  • UPD: 18:13, 23.10.2019

«Хабар» агенттігінің құрылғанына бүгін 24 жыл толып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Біздің арамызда телеарна ашылған күннен бастап жұмыс істеп, құрметті демалысқа шыққан азаматтар да баршылық. Солардың бірі – 21 жыл бойы «Хабардың» Алматы облысындағы меншікті тілшісі қызметін атқарған Тілеуқабыл Мыңжасар ағамыз.

20 жылдан астам уақыт бойы осылай үздіксіз хабар таратып келген қазақ телевизиясының мэтрі 3-4 ай бұрын құрметті демалысқа шықты. Дегенмен Тілеуқабыл ағамыз бүгін 24 жылдығын атап өтіп жатқан «Хабар» агенттігінің Талдықорған қаласындағы тілшілер қосынына жиі бас сұғып тұрады. Келмей қалса, «Неліктен көрінбей кетті екен?» деп көңіліміз алақызатыны бар. Себебі ол кісі өзінің саналы ғұмырын телевизия саласына арнады.  

Тілеуқабыл Мыңжасар, телевизия ардагері:

– «Хабар» агенттігін менің өмірім деп айта аламын. Егер үлкен телевизиялық отбасы дейтін болсақ, сол отбасының белді бір мүшесі болдым. Сол отбасын қолымнан келгенше нығайтуға атсалыстым. Артымыздан жастар еріп отырды. Жалпы «Хабар» өзіндік үні бар, тынысы кең арнаға айналды. Бүгін 24 жыл толып отыр. Әріптестерімнің барлығын құттықтаймын!

Тілеуқабыл Үсенұлы телевизия саласында ширек ғасырдан астам уақыт бойы үздіксіз еңбек етті. Осы уақыт ішінде мыңдаған шақырым жол жүріп, 10 мыңға тарта репортаж әзірледі. Сөйте жүріп, жас журналистердің кәсіби маман болып қалыптасуына үлес қосты.  

Қуаныш Қанатұлы, журналист:

– Тілеуқабыл Үсенұлын журналистиканың мэтрі деп айтсақ та болады. Мұндай тәжірибелі адаммен жұмыс істеу – біз үшін мақтаныш.

«Хабар» агенттігінің Алматы облысындағы тілшісі өзекті де өткір мәселелерді көтеріп, тың тақырыптарға түрен салды. Ұмытылып бара жатқан оқиғалар мен тұлғаларды тауып, олардың халықпен қайта қауышуына ұйытқы бола білді. 

Әлімғазы Райымбеков, Алматы облысының құрметті азаматы:

– Міне, есік жабылмайды, газет келеді. Қазақстандағы газеттің бәрі келді десем, өтірік айтып тұрғаным жоқ. Тілеуқабылдың арқасында қайтадан тіріліп, эфирге шығып, халықпен сұхбаттасып, мектептерде, институтта, жоғары оқу орындарында кездесіп жүрген жайым бар.  

Тілекеңнің есінен шықпайтын кейіпкерлерінің бірі – «Тақиялы періште» фильмінде басты рөлде ойнаған Әлімғазы Райымбеков болса, екіншісі Балқаш ауданының Аралтөбе ауылындағы оқыс оқиға кезінде 12 баланы судан құтқарып қалған Бейсетай Дәуренбеков еді. Ағамыз журналистік ізденісті бәрінен биік қоя білуінің арқасында халықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Алған атақтары мен марапаттары да аз емес. Ол бүгінде «Жаһанды жаулаған жанр», «Хабар-аға және оның қалжыңдары» атты екі кітаптың авторы. «Алдағы уақытта балаларға арналған әдеби туындылар жазып көрсем бе деген ойым бар», - дейді ардагер журналист.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы