412,55 465,50 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шам елінен келгендердің шулы соты әлі де жалғасады

  • 836
  • UPD: 22:20, 23.10.2019

Жат ағымның соңында кетіп, аяғында Сириядан бір-ақ шығып, соғысқа қатысқан отандастарымызға қатысты сот жалғасып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бүгін судья түске дейін бір куәгер мен екі айыпталушыдан жауап алған.

Бүгінгі сот куәгер Сәрсенбаевты тыңдаудан басталды. Ол айыпталушылардың бірі Данияр Алтаев және Сирияда жүрген өзге де қазақстандықтармен әлеуметтік желілер арқылы сөйлесіп тұрған. Тіпті солардың сөзіне еріп, жат елде жиһад жасауға да ниеттеніпті.

Куәгер:

– Мені шақырып, «осы жаққа кел, хиджра жаса» деп айтатын. Сосын мен құжат жасаттым. Сол кезде ҰҚК қызметкерлері келіп, менімен сөйлесіп, алдын ала райымнан қайттым.

Куәгердің айтуынша, Сирияға кеткенге дейін айыпталушы Данияр Алтынбаев біреудің ала жібін аттамаған сабырлы жігіт болған. Алайда арбауға еріп, ешкімге ескертпестен, Сирияға аттаныпты. Досына хабарласқан кездің өзінде ол жақтағы ахуал туралы көп сыр ашпаған. Тек ауылда қалған жақындарының қал жағдайын сұрап отырған. Ал араб тілін оқу мақсатында Мысырға аттанған Қуанов Русланның тағдыры мүлде бөлек. Айыпталушы – Ақтөбе облысының тумасы. 2012 жылы Ресей арқылы Мысырға барады.

Діни білім алып жүріп, экстремизмді насихаттайтын ортаға түседі. Ақыры оқуын тастап, Түркия арқылы Сирияға аттанады. Жат елде соғысқа қатысып, екі аяғы мен қолынан ауыр жараланған.

Сондықтан сот айыпталушының отырып жауап беруіне рұқсат етті.

Жат ағымның арбауына еріп, шет ел асып келгендерді лаңкестік ұйымның сарбаздары арнайы әскери дайындықтан өткізген. Кейін ант қабылдатып, майдан алаңына жөнелткен. Ал жараланған, соғысқа жармағандарын түрлі тұрмыстық жұмыстарға салған.

Айыпталушы:

– Бір нәрсе істеу керексің, бос жатпауың керек. Мен соғыса алмаймын, жүгіре алмаймын дедім. Қаланың ішіндегі жұмыстарды істеуге бұйрық берді.

Бұл – Сириядан Қазақстанға оралған 14 айыпталушының тек біреуінің ғана тағдыры. Әлі жат елге барып, ауыр да азапты күндерді бастан өткерген 13 айыпталушы кезегін күтіп отыр. Тіпті біреуінің жағдайы ауыр болғандықтан, арнайы емдеу мекемесінен видеокамера арқылы байланысуға мәжбүр. Тергеу нәтижесіне қарағанда 14 азаматқа қатысты ашылған қылмыстық іс 90 томнан асады. Сондықтан Шам елінен келгендердің шулы соты әлі де көпке созылатын түрі бар.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Аят Дүйсенбаев

Хабар 24 телеарнасы