386,68 428,91 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


24 жыл. «Хабар» агенттігінің қызметкерлері естеліктерімен бөлісті

  • 165
  • UPD: 23:46, 23.10.2019

Осыдан тура 24 жыл бұрын отандық ақпараттық кеңістікте «Хабар» агенттігі құрылып, халыққа алғаш рет елден хабар тарата бастады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Кейін беделді арна мәртебесіне ие болып, әлемнің де, еліміздің де түкпір-түкпірінен жаңалықты халыққа жеткізе білді.

Ал меншікті тілшілеріміз бұқараның көзі мен тіліне айналып, әлеуметтің өзекті мәселелерін шынайы көрсетіп келеді.

Ақтау өңірінде Гүлмира Әбішеваны танымайтын көкірегі ояу көрермен жоқ шығар. Ол – ауыл-қаланы аралап, келелі мәселелерді көтеріп, жариялауға тұрарлық репортаждар жасаудың шебері. Тақиядай түбектен көңілге қонымды, қызықты сюжеттер беруі - сөзімізге дәлел. Төзімділігі ер-азаматқа тән Гүлмираның теңіз дауылымен арпалыса түсірген сәттері әріптестеріне жақсы таныс.

Гүлмира Әбішева, «Хабар» агенттігінің Маңғыстау облысындағы тілшісі:

– Бұрындары біз дайындаған сюжетімізді орталыққа жеткізу үшін ұшақпен беріп жіберетінбіз. Эфирге шыққанша 1-2 күн өтіп кететін. Кейде ол сюжетіміз жетпей де қалып жататын кездер болды. Ал қазір түсірген сюжетімізді 1 сағатта дайындап, 1-2 минуттың ішінде елордаға жеткізіп үлгереміз.

Телевизия – Семейдегі тілші Болат Көкенайұлының бала арманы. Кішкентайында «Хабарға» хат жазамын деп талпынған бала – бүгінде арнамыздың аға тілшісі. Жаңалықтарға 20 жыл бұрын келген. Содан бері арнаға қалтқысыз еңбек етуде. Халықты мазалаған мәселені шынайы жеткізу - әріптесіміздің өмірлік қағидасы.

Болат Көкенайұлы, ҚР ақпарат саласының үздігі:

– Бала кезімізде бір-ақ телеарна болды. Әлі есімде, екінші сынып оқып жүрген кезімде «Біз мектепке барамыз» деген бағдарлама болатын. Алғашқы хатымды жазып, ол «Хабардан» көрсетіліп, бүкіл ауыл болып шулағанымыз есімізде. 

Әлхайдар Тұрлыханов тілшілер қосынында 15 жыл табан аудармай қызмет етеді. Қызылорда облысынан көрсетілетін сюжеттерді түсіретін осы азамат. Тәжірибелі телеоператор осы уақытта мыңдаған сюжеттің эфирге сәтті шығуына үлесін қосты.

Әлхайдар Тұрлыханов, «Хабар» агенттігінің телеоператоры:

– «Хабар» телеарнасы технологиялық тұрғыдан алға шықты. Соның арқасында ақпаратты жылдам әрі сапалы жеткізіп отырмыз. Көп мәселелердің оң шешілуіне атсалыстық. Алдағы уақытта да халыққа, елге қызмет ете береміз.

Бейнекамера - қарағандылық Василий Савкиннің де сенімді серігі. Оны 17 жыл бойы қолынан тастамаған. Көмірлі өлкенің сұлулығы әуеден де, жерден де түсірілген бейнелердің авторы ғарышкерлермен кездесіп, тарихи сәттердің куәсі болғанын мақтан тұтады.

Василий Савкин, «Хабар» агенттігінің телеоператоры:

– Ғарыш тақырыбын ұнатамын. Әуеден түсіруді жаным сүйеді. Мен бірнеше рет жерге қонған ғарышкерлер капсулаларын қарсы алғандардың ішінде болдым. Сол сәттегі сезімді сөзбен жеткізе алмасам да, көрермендерге бейне арқылы жеткіздім деп ойлаймын.

Атыраулық Арыстанбек Кенже бірнеше минуттық жаңалық жасау үшін мыңдаған шақырымды еңсеруге бар. Телеарнаның қазанында қайнап жүргеніне 14 жыл болыпты. Тілшінің басты жетістігі – «Хабар» агенттігінің құрдасы - қызы Гүлшат.

Арыстанбек Кенже, «Хабар» агенттігінің Атырау облысындағы тілшісі:

– Бұл – әрине, біріншіден мақтаныш. Екіншіден, жауапкершілік болу керек. Себебі мен өзім үшін емес, былай қарағанда «Гүлшаттың папасы» дегенге сай болуым керек деген сияқты.

Ел аралап, халықтың мәселесін билікке жеткізу немесе қуанышына ортақтасу – тілшілердің үйреншікті ісі. «Хабар» агенттігінің әр маманы осы ұстанымға берік болуға тырысады.

Авторлары: Ақмарал Есімханова және Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы