377,04 415,79 5,92

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырауда электрондық төлем карталары жолаушылардың қалтасын қақты

  • 267
  • UPD: 14:17, 24.10.2019

Атыраудағы «Ақылды қала» жобасына кіретін қоғамдық көліктегі жолақысын төлеу карталары жұртшылықты алдайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дәлірек айтқанда, электрондық жүйенің ақауларынан жолаушылардың есепшотынан тасымалдаушының пайдасына артық ақша аударылады. Тіпті автобусқа отырмаған жолаушылардың да картасынан ақша алынған. Бұған не себеп және заңсыз алынған ақшалар иесіне қайтарыла ма?

Қоғамдық көлік қызметін жиі пайдаланатын Бибіжан Сұлтан электрондық жолақы төлеу картасына артық ақша салғанымен, валидатор ақша жоқ деп көрсеткен. Ал тұрғын картасына бірнеше мәрте ақша салғандығын алға тартады.

Бибіжан Сұлтан, қала тұрғыны:

- Бастапқыда мен балансыма 500 теңге салдым. Онымен екі-үш рет жүрдім, ал картамда әлі 120 теңге қалуы тиіс болатын. Оған қосымша тағы 500 теңге сладым. Сосын автобусқа отырсам картаңда ақша жоқ дейді. Міне, үш күн өтті ақшамды әлі қайтарған жоқ.

«Smart Qala» коммуналдық мекемесі өкілдерінің айтуынша электрондық есеп айырысу жүйесінде ақау пайда болыпты. Оған төлем карталары жоқ жолаушылар үшін жолақысының 150 теңгеге көтерілуі де себеп болған. Осындай қателіктердің салдарынан қаладағы қоғамдық көліктерде бір аптада 17 мың адам тегін тасымалданған.

Болат Жамашов, «Smart Qala» ЖШС директоры:

Қыркүйек айының 21-27 аралығында біздің электрондық жүйеде техникалық ақау болып жолаушылар тегін жүрді. Электронды жүйе жолаушының картасына есеп жүргізгенімен, жұрттың есепшотынан ақша алынған жоқ. Ал сенбі-жексенбі күні жүйе іске қосылған соң электронды картасы бар сол жолаушылардың барлығынан ақша алынды. Дегенмен, біз сол қаражатты қайтарып беру туралы шешім қабылдадық.

Қазір техникалық ақау кезінде жолақысы екі есе артық алынған 5,5 мыңға жуық тұтынушының  ақшасы кері қайтарылып жатыр. Сонымен қатар мамандар алдағы уақытта осындай келеңсіздіктерді болдырмау үшін электрондық төлем жүйесін жетілдіру жұмыстарын қолға алды.

Авторлары: Бекен Әлирахым, Амантай Матенов, Жандос Рахметуллин

 

Хабар 24 телеарнасы