430,39 515.14 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбелік полицейлер суицид жасамақ болған жігіттің өмірін құтқарып қалды

  • 1464
  • UPD: 14:45, 24.10.2019

Қоғамдағы қауіпсіздікті сақтауда ақтөбелік полиция қызметкерлерінің ерлігі ерекше, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әр жылдары өңір аумағында болған лаңкестік оқиға кезінде қаскөйлермен күресіп, тыныштықты қамтамасыз етті. Бүгінде аймақта «Айбын» ордені мен «Ерлігі үшін» медалін иеленген ондаған тәртіп сақшысы бар.

Бақтияр Тілепқалиев пен Дидар Сейілхан қызмет барысында ерлік жасаған полиция қызметкерлерінің қатарында. Учаскелік бөлімге қоңырау соғып, жанұшыра көмек сұраған тұрғынның үйіне келген екеуі адамды ажалдан құтқаратынын білмеген еді. Баспананың шатырына кіріп кетіп, шықпай қойған жігіт өз-өзіне қол жұмсамақшы болыпты. Алайда, дереу жеткен тәртіп сақшылары оның өмірін сақтап қалды.

Дидар Сейілхан, учаскелік инспектор:

Көтерілген кезде ол жерде адамның асылып тұрғанын көрдік. Не де болса, үмітімізді үзгеніміз жоқ. Көмегімізді көрсетейік дедік. Сонымен адамды жіптен шешіп, алғашқы көмегімізді көрсеттік. Сосын бала демалып, белгі бергеннен кейін жедел жәрдем шақырып, олар өздерінің ісін атқарды.

Бақтияр Тілепқалиев, учаскелік инспектор:

- Мойнындағы жібін шешіп алып, жасанды тыныс алдыру жасадық. Жүрегіне массаж жасадық. Осы кезде бүгін бір адамға көмектестім деп өз ішіңнен көтеріңкі күйде боласың. Ондай кезде сезімің жақсы болады, көмектескен ісің іске асып жатқан жағдайда.

Кейін анықталғандай, суицид жасамақшы болған адам отыздан асқан жігіт. Мұндай қадамға баруына түрлі жағдайлар әсер еткен көрінеді. Дереу жеткен көмектің арқасында аман қалып, барша жақын-жуығын қуанышқа бөледі.

Жарқынай Қалаубаева, қала тұрғыны:

- Кішкене бір 5-6 минут кешіккенде балам кетіп қалайын деп тұр еді. Аллаға шүкір, балалар келіп, көмектесіп түсіріп, көгеріп кеткен балаға көмегін берді. Су септі бетіне. Рахмет енді. Осы балалардың арқасында балам аман қалды.

Ал, қатардағы учаске инспекторлары Бақтияр мен Дидар бұл істерін ерлік деп санамайды. «Тұрғындарға қызмет ету – міндетіміз», дейді олар. Өздеріне белгіленген аумақта бүгінде мыңдаған адам тұрып жатыр. Ал, облыс бойынша талай үлгілі ісімен ерекшеленген 30-ға жуық қызметкер «Ерлігі үшін» және «Айбын» медальдарымен марапатталған.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы